Ақтоғай КБК жасанды интеллект басқаруды бастады
Шығыс Қазақстан облысындағы Ақтоғай кеніші мыс өндіру бойынша әлемдегі ең ірі кәсіпорындардың қатарына кірді. Бүгін Мемлекет басшысы кен орнындағы екінші байыту фабрикасын пайдалануға беру рәсіміне қатысты, сондай-ақ "KAZ Minerals Aktogay" Ақтоғай тау-кен байыту кешеніне барды. Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай жобалардың ел экономикасы үшін маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды "Хабар 24"тілшісі.
Екінші фабрика кен өңдеуді ұлғайтуға мүмкіндік береді. Өндіріс қуаты екі есеге - жылына 50 миллион тоннаға дейін өседі. Жалпы, кен орнын игеруге салынған инвестиция 3 млрд 200 млн долларға жетті. Қасым – Жомарт Тоқаев бұл нысанның өңір үшін маңыздылығы неде екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өңделген өнімнің экспорты артады. 700 жаңа жұмыс орны құрылады. Бюджетке салық аударымдары түрінде 80 млн доллар түседі. Қосымша. Комбинат жаңа әлеуметтік нысандардың құрылысына, Шығыс Қазақстан облысының білім беру және медициналық мекемелерінің жарақтандырылуын жақсартуға белсенді қатысады.
Ақтоғай КБК-нің қайта өңдеу қуатын кеңейту жобасы осыдан төрт жыл бұрын басталған болатын. Ол мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енді. Президент фабриканы қысқа мерзімде салған құрылысшыларға алғысын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазіргі заманғы Қазақстанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың күш-жігерінің арқасында индустрияның осындай ірі нысандары құрылуда. Олар бүкіл әлемдік қоғамдастықтың, өнеркәсіптің мәні неде екенін түсінетін индустриалды қоғамдастықтың назарында. Бұл бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің лайықты мысалы. Біз осы комбинат басшылығына әлеуметтік өмір мәселелеріне көп көңіл бөлгені үшін ризашылығымызды білдіруіміз керек.
Жаңа зауыт Индустрия 4.0 элементтеріне сәйкес келеді. Кәсіпорында жасанды интеллект негізіндегі бағдарламалар қолданылады. Шығарылатын өнімді шетелге жіберу жоспарлануда. Мемлекет басшысы мұндай өндірістер 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге және еңбек өнімділігін 30%-ға арттыру мақсатына сәйкес келетінін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жолдауда атап өткенімдей, өткен жылы индустрияландырудың 10 жылында алғаш рет өңдеуші өнеркәсіптің экономиканың дамуына қосқан үлесі тау-кен өндіру саласының үлесінен асып, 13% - ды құрады. Ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны сақталып, 6% - ға жетті. Индустрияландыру картасы аясында 12 мың жұмыс орнын құрумен 120-дан астам жаңа өндіріс іске қосылды. Жыл соңына дейін "Өнеркәсіптік саясат туралы" заң қабылданады.
Келесі жылы Ақтоғай кең ауқымды мыс кенішінде 190 мың тонна мыс өндіретін болады. Өндірісті ұлғайту есебінен ол әлемдегі ең ірі кәсіпорындардың қатарына кірді. Жалпы, бүкіл кешен қызметкерлерінің жалпы саны 3 мыңнан асады.
Автор: Иван Тулинов, ҚР Президентінің ТРК қолдауымен