• Мобильді үстемені жүктеу

Францияның ірі компаниялары Қазақстанның нарығымен танысты

Францияның инновациялық компаниялары қазақстандық нарықпен танысты.

Францияда біздің елшіліктің қолдауымен цифрландыру және баламалы энергетика саласындағы серіктестікке арналған екі жақты бизнес-форум өтті. Бұл екі саланы Франция мен Қазақстанның басшылары кейінгі ынтымақтастықтағы басым салалар ретінде белгіледі.

Бүгін осында Францияның инновациялық өндірістерінің элитасы жиналды. Цифрлық технологиялар және «жасыл» энергетика салаларының 60 ірі компанияларының өкілдері бейтаныс нарықты зерттеп, оған ойыншылар ретінде кіру мүмкіндігін қарастыру үшін, Франция-Қазақстан бизнес-форумына қатысуда.

Қазақстан тарапы бұл форумды ұйымдастыруының басты мақсаты – экономикалық байланыстарды жандандыру. Не себепті біздің елге инвестиция жұмсау қажет екені туралы «Kazakh Invest» және «Астана» халықаралық қаржы орталығының жетекшілері айтып берді. Жеңілдіктер мен артықшылықтардың көптігі франциялық кәсіпкерлерді қызықтырды. Қазақстанмен ортақ жобалары бар кәсіпкерлер де оларды кеңейту жайлы ойлана бастады.

ECM Greentech Компаниясының бас директоры Иван Труйо:

 - Қазақстанда филиалымыз бар болғандықтан, бірнеше жыл ішіндегі тәжірибеміздің арқасында Қазақстан туралы жақсы пікір қалыптастырдық. Сіздердің елдеріңіздің индустриялық құндылығын және бизнес жүргізудің қарапайымдылығымен таныспыз. Мұндай форумдар өте қызықты, себебі елмен бірге өзгеретін әр түрлі индустрия түрлерін көреміз.

IDEMIA компаниясының аға вице-президенті Изабель Kозон:

- Табысты нәтижелі мысалдар Қазақстанды әлемдік кеңістікте ілгерілетеді. Біз жұмыс істейтін сектор – инновациялар секторы. Ол арқылы біз Қазақстанның сыртқы әлемдегі беделін құруға қатыса аламыз.

CNCR Group компаниясының президенті Кристоф Росси:

- Қазақстанның цифрлық эволюциясына біз әзірлеген өнімдермен қатысу жоспарымыз бар, шешімдерімізді дамыту үшін, жергілікті серіктестерді тапқымыз келеді. Сондай-ақ, Қазақстанда деректерді сақтау және мұрағаттау үшін DATA бөлігіндегі жоспарлар бар.

Қазақстан үшін Франция басты инвесторлардың бірі болып табылады. Бұл елдің компанияларының отандық экономикаға тікелей инвестициялары серіткестік жылдарының ішінде 33 миллиард еуроға жетті. Қазақстан ең алдымен, жайлы инвестклиматымен және Орталық Азия мен Еуроодақтың көршілес нарықтарына шығу мүмкіндігімен тартымды.

ҚР Франциядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Жан Ғалиев:

- Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастықтың нақты перспективалары талқыланды. Қазақстан жайлы түсінігі кеңейген франциялықтардан үлкен қызығушылықты байқадық. Қазақстандық қатысушылар Қазақстанда бизнесті жүргізудің толық сипатын беріп, франциялық инвесторлардың Қазақстанда жұмыс жасаудағы сенімін арттырды.

Форум өткізілуінен бірнеше сағаттан кейін-ақ алғаш нәтижелерін бере бастады. Ақпарат жүйелері және күн панельдерінің ірі өндірушілері мұнда қазақстандық әріптестермен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бағдарламалық қамсыздандырудағы Франция көшбасшысы біздің экономикаға инвестиция жұмсау туралы қабылданған шешімін хабарлады.

Авторлары: Әлия Сыздықова, Бекхан Тепсаев

Источник: https://24.kz/ru/news/economyc/item/301405-krupnejshie-kompanii-frantsii-poznakomilis-s-kazakhstanskim-rynkom
Қолданылған материалдарға міндетті түрде www.24.kz сайтына гиперсілтеме берілуі тиіс / Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на www.24.kz