• Мобильді үстемені жүктеу

География

Зайсан ауданы облыс территориясының оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Ауданның жері шұрайлы, суы мол, жайылымы керемет (Сауыр, Сайқан, Маңырақ, Ертіс, Ақжан, Қабырғатал) сияқты киелі жер. Оның жер асты қазбасы – мұнайға, көмірге, жанатын сланецке, жоса – бояуға, құрылысқа жарамды әкке, құм мен топыраққа толы, жасыл алқапты орманы бар өңір.

istor sovrem

Сауыр таулары ауданның оңтүстік – шығысы бөлігінде орналасқан. Сауыр тауының ең биік нүктесі Мұз –Тау тауы, биіктігі 3500-3816 м дейін жетеді. Солтүстік батысқа қарай биіктігі 1500 – 1800 м дейін аласарады.

Аудан климаты құбылмалы, құрғақ. Қысы ұзақ және суық. Жаздағы ауаның температурасы жоғары және ыстық. Атмосфералық орташа жылдық жауын – шашындары 120-180 мм. Тау беткейлеріне көтерілген сайын ылғалдылық артып, ауа температурасы кемиді. Тау басында ол таулы тундралық климатқа дейін өзгерген. Қар қарашаның екінші жартысында түсіп, сәуір айының басында кетеді. Қыстың аяғына қарай орташа қардың қалыңдығы 20- 30 см, басқа жылдары 5 см 40 см дейін өгеріп отырады.

Тарих

Сауыр тауын бойлай өтіп, оның  етегінде «Кішкене тау» сайлары арқылы Зайсан ойпатына құлай ағатын көп өзендердің бірі «Жеменей» деп аталды. Осы ну орманды Жеменейдің жоғары саласында 1830-1840 жылдары қазіргі Зайсан қаласының алғашқы іргетасы қаланыпты. Ол алғашқы кезде «Джеменейка» деп аталған. 1830 жылдар шамасында географ-геодезист Маяковский Ертістің Шығыс тұсында пост (күзет орны) орнатуға ұрымтал да қолайлы мекенді белгілеу үшін зерттеуге келеді. Оны Базарка бекетінен руы Таукен Серменұлы Сырымбай бастап келеді. Джеменейка» ұлғайып, көлемді елді мекенге айналды. 1860 жылдан бастап, қала тұрғындарының шаруашылық өмірі Зайсан көлі, Ертіс су жолымен байланысты болды. Сонымен бірге Семей, Павлодар, Қарқаралы, Өскемен қалаларынан Зайсанға ағылған жолаушылар бұл өңірді «Зайсан» деп атады. 
Қаланың Зайсан аталуы 1864-1868 жылдар аралығы, ресми мұрағат деректерінде осы екі аралық көбірек кездеседі. 1903 жылы Санкт-Петербургтен А.Ф.Дербиен баспаханасынан шыққан географиялық энциклопедияның 18 томында «Зайсан қаласының іргетасы 1868 жылдары қазіргі уезд жерінің көп бөлігі Россияға қараған кезде салынды»,-деп көрсетілген. Ал 1864 жылы Зайсан қаласына станица аталған яғни патша үкіметі Л.Ф.Баков деген инфантерия генерал-майоры бастаған әскери құрамаға қамал салу  тапсырысымен мұнда бекініс болып көтерген. Қазақ даласынан Қытай, Тибет, Синзянға жүн, тері, мал, ағаш тағы басқа да шикізат, ал ол жақтан мата, киім-кешек, қол өнер бұйымдары Зайсан кедені арқылы өткендіктен маңызы арта түсті. 1870-1880 жылдар аралығында қалада 2663 орыс, 122 қазақ тұрған, 1900 жылдары 4 мың  қазақ мекендеді. Халық егіншілік, мал өсірумен бірге бау-бақша, жеміс өсірумен шұғылданды.

Округтік приказдар губернияға айналып, уездер құрылған кезде 1857 жылы Зайсан уезі құрылып, Зайсан посты уездің саяси-әкімшілік орталығына айналған. Қалада уездік басқарма, таможня, казначейство, почта- телеграф, орман-тоғай ісі мекемелері жұмыс істеген. 1880 жылы Семей қаласымен байланыстыратын телеграф линиясы тартылды.

Зайсан постын екіге бөліп ағатын, Жеменей өзенінің шығыс жағасында үлкен көшеден тұратын Казачье слабодасы болды, ал өзеннің батыс жағасында 3-4 көшеден тұратын слабодада  бастауыш азиаттық мектеп, ағаштан салынған шіркеу үйі, приставство басқармасының үйі, сауда алаңы, шикі кірпіштен салынған 110 және ағаштан салынған 7 тұрғын үй бар,-деп жазды Потанин.

Ішкі-сыртқы сауда қатынасына қолайлы «Зайсан» қаласы тез ұлғайып, Батыс Қытай, Монғолиямен алыс-беріс саудасы күшейген. Жыл сайын мамыр айында өтетін Никольский жәрмеңкесі сауда шеңберін кеңейте түскен. Жергілікті маңызы бар сабын, сыра, қайнататын, кірпіш өртейтін, былғары илеп, жүн жуатын заводтар сияқты кәсіорындар ашылып, көбейе түседі. Ен байлық, арзан шикізат қоры өлкесіне көз тіккен саудагер-купецтер Зайсан қаласына шұбырып, келіп жатты.

ХІХ-ғасырдың аяғында Зайсан купецтердің қаласы ретінде танылды. Купецтермен чиновниктердің балалары үшін, бұрынғы азиаттық бастауыш ұлдар мектебінің үстіне 1883 жылы бастауыш қыздар училищесі жұмыс істеді. 1896 жылы 26 наурызда алғашқы кітапхана ашылды.

1886 жылы Семей мен Зайсан арасын байланыстыратын телеграф іске қосылды.Облыс орталығы мен уезд орталығын байланыстыратын 600 шақырымдық жол бойындағы бекеттердің жұмыстары тәртіпке келтірілді.

Революцияға дейін Зайсанда қалалық жиын және киноматография  болған, онда әскери урлемелі оркестр ойнап, концерт қойылған.Қалал жины бай таптың өкілдерінен тұрды, киноматорграф жеке болды, оны қаланың буфетчигі А.Сорокин ұстады.

Зайсанда, өзбек, татар, т.б ұлттар тұрды. Олар негізінен саудамен айналысты. Қаланың басшысы қала старостасы болды. Қаланы көбінесе қолөнершілер де ұсталарда болды.

Зайсан уездегі көп ұлтты орталықтың бірі болды. Онда орыс, қазақ, татар, өзбек, түркімен қырғыз, қытай  т.б ұлт өкілдері тұрды.

Семей губерниясына қарасты Зайсан уезінің орталығы болған Зайсан қаласында 2 шіркеу, 2 мешіт болған. Уезде ол кездегі 6 аудан біріктіріліп, барлығы 17 болысқа жіктеліп басқарылған. Уезде 12 мектеп ашылып, онда 350 балаға 17 мұғалім сабақ берді. 1896 жылы қалада 7 орындық аурухана ашылды. Онда екі дәрігер болды.А.С.Хохлов, Титов, Собачкин сияқты кәсіпкерлер шахта ашып, Кендірлік көмір өндіруді жолға қойды. 1880-1890 жылдары қаланың ірі мәдени орталыққа айналуы, оның сәулет өнерінен де көрінді. Баязит Сатпаевтің архитектура үлгісі мен күйген кірпіштен салынған бай-купецтердің дүкені мен үйлері қатар түзейді.

Ірі мәдениет орталығы болған қалада атақты ақындар Павел Васильев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Әсет Найманбайұлы, Ноғайбаев ақын еңбек еткен. Михаэлис Кендірлік көмірінің сапасын, көлемін зерттеп бағамдаған. Н.Бухман күн батареясын ойлап тауып, осы қалада іске қосқан Коншин, Ватсон, Томашевский, худыковский т.б ондаған жер аударылғандар өлке мәдениетін дамуын үлес қосты.

Қалада екі үлкен тері өңдеу зауыты болды. Фунтиковтың кірпіш зауыты жұмыс істеді, Жеменейдің бойындағы үш диірмен қала халқын ұнмен қамтамасыз етіп тұрған. Дображанскийдің сыра зауыты бовар сырасымен уезді ғана қамтып қоймай, шетке экспортқа шығару дәрежесінде көтерілді. Қалада екі ірі сабын қайнататын зауыт және Зайсанға басқа жақтан әкелінген темір рудасын өңдеп, Қытай мен Тибет, Монғолияға экспортқа темір шығаратын зауыт жұмыс істеп тұрды. Сорокиннің кинозалы жұртшылыққа фильмдер көрсетіп, елді жалпы әлемдік мәдени өмірден хабардар етіп отырды. Елден жиналған жүннен пима басатын Асташевтің зауыты үлкен маңызға ие болды.

1926 жылы Зайсанда қалалық кеңес құрылды.

1928 жылы күзде ВКП (б) Қазақстан Орталық Комитетінің атқару комитетінің шешімімен Республикада уездер таратылып, олардың орнына аудандар құрылды. Зайсан уезі:Зайсан, Тарбағатай, Марқакөл, Көкпекті, Қызылтас /Ақсуат/ аудандарына жіктелді. Зайсан ауданы ВЦИК-тің указымен 1928 жылы қыркүйектің 3-ші жұлдызында құрылды. Ауданның қазіргі территориясында шамамен бұрынғы уездің үш болысы Маңырақ, Қара-Ертіс, Кендірлік жатады. Зайсан ауданы 1939 жылға дейін Семейге осы жылдан бастап, жаңадан құрылған Шығыс Қазақстан облысына қарады.

Ауданның жер көлемі: 1 миллион 43 мың гектар. Өлкеге 42 ірі елді – мекен қарайды. Сондай – ақ, Зайсан қаласының әкімшілігі мен 8 ауылдық әкімшілік қамтылған. Зайсан қаласы – ауданның әкімшілік орталығы болып саналады.

1993 жылы Қалалық Кеңес таратылып, «Зайсан қала әкімі Мемлекеттік мекемесі» болып өзгертілді.

«Ақынның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» дейді дана халқымыз. Өмірдің өзі дәлелдеген ақиқат. Тарихы әріден басталатын біздің Зайсан өңірінде де халықтың құрметіне, қошаметіне бөленген талай ізгі жақсылар өткен. Мәселен, күркіреп күндей өткен соғыс кездері.

Жалпы, аудан өміріндегі ең ауыр және жауапты болған кезең – Ұлы Отан соғысы жылдары болды. Майданға – 6569 және еңбек армиясына – 1099 зайсандықтар аттанған. 2595 адам майданда қаза болды, 238 госпитальда жарадан өлді, 1339-ы хабар – ошарсыз кетті., 175 адам әр түрлі аурудан қайтыс болды, 3 адам неміс тұтқынында каза болған. Басқалары жараланып, мүгедектікке душар болып, аман – есен туған елге оралды. 

Аумағы

Жалпы аумағы – 1 044 424 га.  

Шекаралар

Аудан оңтүстігі мен шығысында Қытай Халық республикасымен, батысында Тарбағатай ауданымен шекаралас. Ауданның әкімшілік орталығы – Зайсан қаласы. Аудан орталығынан облыс орталығы Өскемен қаласына дейінгі қашықтық – 460 шақырым, Жаңғызтөбе теміржол бекетіне дейін 378 шақырым. Көлікткің негізгі түрі – автомобиль.

Халқы

Халықтың саны 2018 жылдың 01 қаңтары бойынша – 37,147 мың адам. Халықтың тығыздығы 1 шаршы км 3,57 адамнан.

Инфраструктура

Зайсан ауданында 27 мектеп бар, оның ішінде: 17 орта, 8 негізгі, 2 бастауыш.
Оқушылар саны – 6332, мұғалімдер – 930.
13 бала-бақша бар, оның ішінде:
– 5 ауылдық,
– 8 қалалық,
– 7 мемлекеттік,
– 5 жеке меншік,
– 1 мекемеге қарасты.
Бала-бақшалар тәрбиеленушілерінің жалпы саны – 1042.
Сартерек ауылында «Бәйтерек» демалу-сауықтыру орталығы жұмыс істейді.

Өндіріс

Экономиканың басты саласы – ауыл шаруашылығы. Ауыл шаруашылық құрылымдары суармалы және тәлімді егін шаруашылығымен, малдың дәстүрлі түрін өсірумен, құс өсірумен айналысады.
Тұтастай өнеркәсіп өнімі  2017 жылдың 01 желтоқсанына  9035,3 млн. теңге болды, табиғи индекс көлемі 103,6%. Кен өндіру және карьерлерді қазу 8109,9 млн.теңге, өткен жылмен салыстырғанда 103,1%, өңдеу өнеркәсібінің өнімі  497,7млн.теңгені құрады, өткен жылғыдан 164,8%, оның ішінде тамақ өнеркәсібінің өнімі 288,3 млн.теңге индексі 184,4% болды.

Ауданның өнеркәсіп құрылымында тау-кен өнеркісібі 81,0 пайызды, өңдеуші өнеркәсіп 11,0 пайызды, электр энергиясы мен суды өндіру мен үлестіру 8,0 пайызды құрайды.     Ауданның тау-кен өндірісін көмір өндірумен айналысатын «Сайқан» ЖШС мекемесі , мұнай мен газ ошақтарын табатын «Тарбағатай-Мұнай» ЖШС көрсетеді. «Сайқан» ЖШС ауданның халқы мен бюджеттік мекемелерін қатты отынмен қамтамасыз етеді. Құрылыс материалдарын өндірумен «СМУ Шығыс» ЖШС айналысады. Өнеркәсіп плиткалар, плиталар, кірпіштер және цементтен, бетоннан жасалған өнімдер шығарады. Тамақ өнімдерін сонымен қоса сусындар өндірумен шағын өнеркәсіптер, шаруа қожалықтары және жеке кәсіпкерлер айналысады.

Жер ресурстары

ауыл шаруашылық жерлері – 837,1 мың га,                                                     

өнеркәсіп – 3,5 мың га,                                                                            

жер қоры – 341,326 мың га.

Еңбек ресурстары

Жұмыссыздар қатарына тіркелген адамдар  – 617 адам, оның ішінде ерлер – 228, әйелдер – 389, 16-дан 29-ға дейінгі жастар жасы – 250.

Кадрлар әлеуеті

«Зайсан техникалық колледжі» КММ оқитын 231студенттер:

ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторшы-машинист мамандығы бойынша – 60,                                                                                              

электр дәнекерлеуші – 31,                                                                               

аспаз – 31,                                                                                                        

мал дәрігері санитары – 32,                                                                    

тас қалаушы – 23,                                                                                            

сылақшы – 18.     

электромонтер – 36.                                                                                        

Инвестициялық әлеует

Зайсан ауданы бойынша  2017 жылы 2 жоба  кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілді.

Жоба: «Eurotransit  Terminal» ЖШС-нің «Зайсан ауданында  «Майқапшағай» кеден өткелінің  көлік- логистика орталығының құрылысы» жобасы.   Жобаның құны 6 млрд.149млн. теңге, іске асыру жылдары 2017-2020ж. Бүгінгі күнге 20 га жер учаскесі берілді, электр , су, телефон жүйелерін тартуға техникалық талаптарын алды.

Екінші жоба, «Нұр» шаруа қожалығының «Шағын ет комбинатын ашу» жобасы. Жоба құны 150,0 млн.тенге. 2017 жылғы 20 маусымда қабылдау актісі беріліп ,жоба іске қосылды.2017 жылы  376 бас ірі қара, 298 бас мүйізді ұсақ мал,45 бас жылқы сойылды. Жоба толық  қуаттылыққа жеткенде  жылына 2200 ірі қара, жылқы сойылып, немесе 330 тонна ет және шұжық, консервіленген ет өнімдері шығарылады. 2017 жылы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының аясында ЖК «Спамбетова С.М.»   « Магазин жөндеу» жобасына 13,0 млн теңге, ЖШС «Керуен-Шыгыс» «Автобустарды  сатып алу» жобасына 46,0 млн теңге, ЖК «Келгенбаев Ш.»  «Зайсан-Жеменей (ҚХР) –Зайсан бағытына жолаушыларды тасымалдауға автобус сатып алу» жобасына 45,0 млн, ЖК «Рамазанов Досым»  «Жылжымайтын мүлікті сатып алу» жобасына 29,0млн теңге несие алды.  

 

Кадрлар ресурстарында қажетсіну

  • Орыс тілі мұғалімі – 2
  • Математика мұғалімі – 1
  • Орманшы – 1
  • Деффектолог - 1

 

Туристік әлеует

Зайсан ауданы мәдени-танымдық туризмді дамытуда  ірі әлеуетке ие: ауданда 36 тарихи және мәдени ескерткіштер тіркелген, оның ішінде: 10 архитектуралық және 26 археологиялық.

 Туристік қызығушылықтың негізгі орындары мыналар:

- «Айка» ш/қожалығы туристерге аңшылық қызмет көрсетеді;   «Айка» ш/қожалығының «Кіші Жеменей», «Майшат» пен «Тебеген» учаскелеріндегі базалары келушілерді қабылдауда. «Айка» шаруа қожалығы 2015-2016 жж. (10,0 млн теңгеге) «Кіші Жеменей» учаскесінде туристерге арналған демалыс үйін салып бітірді. «Айка» ш/қожалығы өз қаражаты есебінен 10,0 млн. теңге жұмсап, Зайсан қаласы, Бөгенбай көшесіндегі банк ғимаратын шетелдік қонақтар жататын үйге айналдырды.

- «Бәйтерек» спорттық-сауықтыру базасы қысқы демалысқа белсенді спорт түрлерімен айналысуды ұсынады (коньки, шаңғы, қар үстінде жүретін машиналармен серуендеу),  жазда жаяу және атты серуендер ұйымдастыру жоспарлануда,  

          - Зайсан көлінде демалу (тап-таза су, идеалды жағажай, балық аулау, катамарандармен қыдыру, көл үстінде серуендеу, ).

Аудан Қытай Халық Республикасымен шектесетіндіктен «Майқапшағай» кеден бақылау бекеті арқылы шоп-турларға негізделген сауда туризмі дамуда.