• Мобильді үстемені жүктеу

Қазақстандық делегация «Орталық Азия-Корея Республикасы» 15-ші ынтымақтастық форумының жұмысына қатысады

Пусан, 2022 жылғы  25 қазан – Премьер-Министрдің орынбасары – ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Корея Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Оңтүстік Кореяның Пусан қаласының мэриясы ұйымдастырған «Орталық Азия-Корея Республикасы» (ОАКР) 15–ші ынтымақтастық форумының ашылуына қатысты.

Іс-шараға Оңтүстік Кореяның, Қырғызстанның, Тәжікстанның, Түрікменстанның және Өзбекстанның сыртқы саяси ведомстволарының басшылары, Пусан қаласының мэрі, Форумға қатысушы елдердің мүдделі мемлекеттік органдары мен компанияларының өкілдері қатысады.

Кездесудің күн тәртібіне денсаулық сақтау, туризм, экология, цифрлық ынтымақтастық және экономикалық қауіпсіздік салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері кіреді.
Форум қорытындысы бойынша Орталық Азия мемлекеттері мен Корея Республикасы Сыртқы істер министрлерінің Бірлескен өтініші, сондай-ақ ОАКР Хатшылығының 2023 жылға арналған жұмыс жоспары қабылданады деп күтілуде.

Форум аясында ҚР Сыртқы істер министрі М. Тілеуберді Корея Республикасының Сыртқы істер министрі Пак Чжинмен келіссөздер жүргізді, оның барысында тараптар екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай құттықтаулармен алмасты, екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.

Министрлер кеңейтілген стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтудың және жоғары деңгейде өткен сапарлармен алмасудың маңыздылығын атап өтті. Келесі жылы Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёляның Қазақстанға сапары күтілуде. Пак Чжин қазақстандық делегацияны Республика күнімен құттықтап, Қазақстан Оңтүстік Кореяның Орталық Азиядағы басты серіктесі екенін атап өтті.

Сондай-ақ, Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Пусан қаласының мэрі Пак Хёнг Чжунмен кездесу өткізді, мэр Пусан қаласында ҚР Бас консулдығын ашқаны үшін қазақстандық тарапқа алғысын білдірді.

Казахстанская делегация принимает участие в работе 15-го Форума сотрудничества «Центральная Азия – Республика Корея» (www.gov.kz)