• Мобильді үстемені жүктеу

Мемлекет басшысы Германияның экономикалық делегациясын қабылдады

Кездесу барысында Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Неміс Үкіметі мен бизнес өкілдерін құттықтай отырып, Мемлекет басшысы энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика саласы, білім, ғылым және техникалық кадрлар даярлау сияқты басым бағыттар бойынша әріптестікті тереңдетуге біздің еліміздің мүдделілігін атап өтті. Қазіргі уақытта Үкімет 800 жобадан тұратын әлеуетті инвестициялық жобалар пулын дайындады. Сондай-ақ Қазақстан неміс компанияларын елімізге тарту үшін қолайлы жағдай жасауға дайын.

– Германия Қазақстанның Еуропалық одақтағы маңызды серіктесі болып табылады. Қазақстанда герман капиталының қатысуымен 600-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істеуде. Сауданың өсуі үшін де, инвестиция көлемін ұлғайту үшін де айтарлықтай әлеует бар, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Германияның техникалық мамандықтар бойынша мамандар даярлаудағы тәжірибесіне қызығушылық танытатынын мәлімдеді. Атап айтқанда, Қазақстан қазақстандық мамандардың деңгейін арттыру үшін неміс техникалық институттарының, зертханаларының, ғылыми-зерттеу орталықтарының өкілдіктерін және құзыреттер орталықтарын ашу мүмкіндіктерін зерделеуде.

Делегация басшысы Қазақстан-Германия үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Доминик Шнихельс екі елдің мемлекеттік органдары мен бизнес-құрылымдары арасындағы өзара іс-қимыл деңгейін жоғары бағалады. Ол германиялық компаниялармен жұмыс жөніндегі Арнайы үкіметтік топтың тиімділігін атап өтті. Сондай-ақ, делегация өкілдері Транскаспий көлік дәлізін дамытуға, кен орындарын игеруге және энергетика секторындағы ынтымақтастыққа неміс бизнесінің қатысуына қызығушылық білдірді.

 Глава государства принял экономическую делегацию Германии — Официальный сайт Президента Республики Казахстан (akorda.kz)