• Мобильді үстемені жүктеу

Мемлекет басшысы Финляндияның Сыртқы сауда және халықаралық дамуды қолдау министрі Вилле Скиннариді қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтанға жұмыс сапарымен келген Финляндияның Сыртқы сауда және халықаралық дамуды қолдау министрі, Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі екіжақты үкіметаралық комиссияның тең төрағасы Вилле Скиннариді қабылдады.

Мемлекет басшысы  министрге ілтипат білдіріп, Қазақстанның сыртқы саясатында Суомидің маңызды рөл атқаратынын атап өтті..

– Финляндия Солтүстік Еуропа елдері арасында Қазақстанға инвестициялардың ең ірі көзі болып табылады. Біз достас халықтарымыздың арасындағы жан-жақты белсенді ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз, - деді Президент.

Мемлекет басшысы тұрақты саяси диалогты жоғары деңгейде қолдау қажеттігін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия Президенті Саули Ниинистёге ізгі тілектерін жолдап, оны Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Өз кезегінде Вилле Скиннари Мемлекет басшысына кездесу мүмкіндігі үшін алғысын білдіріп, COVID-19 пандемиясы басталған сәттен бастап өзінің алғашқы шетелдік сапарын Қазақстаннан бастағанын атап өтті. Ол сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевқа Финляндия президентінің жылы лебізін жеткізді.

– Біздің елдеріміз арасындағы екіжақты қарым-қатынастар өте жақсы. Финляндияның тәуелсіздік алғанына 100 жылдан асты, ал Қазақстанға – 30 жыл. Пандемия аяқталғаннан кейін екіжақты қатынастардың жаңа кезеңі басталады деп үміттенеміз. Қазақстан мен Финляндия саяси диалогты арттыру үшін үлкен әлеуетке ие. Сондай-ақ өзара сауданы дамытудың және инвестициялар тартудың маңыздылығын атап өткім келеді, - деді Финляндия министрі.

Мемлекет басшысы бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін басым салалар қатарында жасыл технологиялар мен телекоммуникация саласын атады. Президент еліміздің шетелдік инвесторларға және фин технологияларын трансферттеуге ерекше жеңілдіктер беруге дайын екенін атап өтті.

Вилле Скиннари Еуропалық Одақ желісі бойынша өзара іс-қимылдың жақсы перспективалары туралы мәлімдеді, Қазақстанның климаттың өзгеруіне қарсы күрес, ауыл шаруашылығын, азық-түлік секторын дамыту, цифрландыру және киберқауіпсіздік жөніндегі практикалық шараларын құптады. Министрдің айтуынша, фин тарапы осы салаларда іскерлік өзара іс-қимыл жасауға дайын.

https://www.gov.kz/memleket/entities/invest/press/news/details/371814?lang=ru