Словакиялық компаниялар Қазақстанға инвестиция салуға шақырды
Қазақстан-Словакия дөңгелек үстелі шеңберінде өнеркәсіп, авиация, энергетика саласындағы кең ауқымды бағыттар бойынша ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Іс-шараны Словакия Республикасының экономика министрлігінің қолдауымен, ҚР Сыртқы істер министрлігі, Қазақстанның Словакиядағы елшілігі, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ ұйымдастырды. Дөңгелек үстел жұмысына 50-ге жуық шетелдік және қазақстандық компаниялар, сондай-ақ министрліктер, ведомстволар мен ұлттық компаниялардың өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел аясында тараптар екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығын одан әрі дамыту мәселелеріне және бизнесті жүргізудің практикалық аспектілеріне ерекше назар аударды. Словак тарапы Қазақстанда қолайлы инвестициялық ахуал мен бизнесті дамыту үшін жағдайлардың бар екенін атап өтті. Іс-шара барысында қазақстандық тарап инвестицияларды қолдау саласындағы жаңа шаралар мен мемлекеттің саясатын, ҚР арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарының мүмкіндіктерін, сондай-ақ елдің машина жасау, металлургия, энергетика және т.б. салалардағы әлеуетін таныстырды.
Іс-шараны аша отырып, Словак Республикасы Экономика министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Карол Галек Қазақстанның экономикалық өсу қарқынын, жоғары инвестициялық тартымдылығын оң бағалады, сондай-ақ словак бизнесі тарапынан қызығушылықтың артып келе жатқанын атап өтті.
«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ өкілі Алтынай Мұқанова Қазақстандағы іскерлік ахуал, сондай-ақ оның инвестициялық мүмкіндіктері туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Өз сөзінде ол іс-шараға қатысушыларды Қазақстанның экономикалық дамудағы жетістіктерімен, Қазақстан-Словакия сауда-экономикалық ынтымақтастығының перспективалық бағыттарымен, сондай-ақ елдегі инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту үшін ҚР Үкіметі қабылдап жатқан шаралармен таныстырды.
«Соңғы бірнеше жылда Қазақстан бірқатар кең ауқымды реформалар жүргізіп, салық, кәсіпкерлік және кеден кодексіне қажетті түзетулерді қабылдады, бұл экономиканы жоспарлы түрде әртараптандыруға және бизнесті табысты жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасауға ықпал етеді. Үздік халықаралық тәжірибені зерделей отырып, Қазақстан инвесторларға жан-жақты қолдау, соның ішінде заттай гранттар беру, салықтардан, кедендік баждардан босату және т.б. ұсынады. Сонымен қатар, KAZAKH INVEST мамандары Қазақстанда инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қызметтердің толық спектрін көрсетуге дайын», - деді Алтынай Мұқанова.
Өз тарапынан словак компанияларының өкілдері қатысушыларды қызметінің саласымен таныстырды, Қазақстан-Словакия инвестициялық ынтымақтастығының кейінгі дамуына қатысты өз көрінісін ұсынды, сондай-ақ, жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделілігін білдірді.
Сонымен қатар, Қазақстан делегациясының Братиславаға сапары шеңберінде сауда-экономикалық, өнеркәсіптік және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Словакия үкіметаралық комиссиясы өткізілді. ҮАК пленарлық сессиясының қорытындысы бойынша ҚР СІМ Инвестициялар жөніндегі комитеті басқармасының басшысы Талғат Мұқанов және Словакияның «Heneken» компаниясының өкілі Осин Маматкулов өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойды.
Анықтама: «Heneken» - металлургия, логистика, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру және энергетика саласында маманданатын компаниялар тобы. Топ Словакиядағы 3 өндірісті қамтиды: Heneken Melt (алюминий зауыты), Heneken Conductors (кабельдерді өндіру бойынша зауыт), Heneken Mazak (мырыш қорытпаларын өндіру бойынша зауыт). Heneken Group жылдық қуаты 50 мың тоннаны құрайтын, қайталама алюминий мен мырыш қорытпаларының Словакиядағы ең ірі өндірушісі болып табылады.
Жұмыс сапарының барысында, KAZAKH INVEST сондай-ақ словак компанияларының басшылығымен бір қатар В2В кездесулер өткізді. Атап айтқанда, «Progubas» компаниясымен энергетика саласындағы, «Techniserv» және «Shark Aero» компанияларымен авиация саласындағы жобалар, сондай-ақ, «Heneken» компаниясымен металлургия саласындағы ықтимал жоба талқыланды.
Словакия Қазақстан Республикасының Еуропадағы әлеуетті сауда серіктестерінің бірі болып табылатынын атап кеткен жөн. 2021 жылдың ішінде екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен 84 млн. АҚШ долл. құрады, ол өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 20,9% жоғары (69,5 млн. АҚШ долл.). Словакия инвестицияларының Қазақстан экономикасына жалпы көлемі 2005 жылдан бастап 2021 жылға дейін шамамен 20 млн. АҚШ долл. құрады.