• Мобильді үстемені жүктеу

Қазақстанның инвестициялық және экономикалық мүмкіндіктері Сауд Арабиясындағы форумда таныстырылды

Эр-Рияд, 2022 жылғы 15 ақпан - Эр-Риядтың сауда-өнеркәсіп палатасында екі аймақ елдері арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың келешегіне арналған «Сауд Арабиясы – Орталық Азия + Әзірбайжан» форумы өтті.

Іс-шараға Орталық Азиядан Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, сондай-ақ Әзірбайжан елшілері қатысты.

Сауд тарапынан САК және Эр-Рияд СӨП Федерациясының Төрағасы Әл-Аджлан, Эр-Рияд Сауда Палатасының мүшелері, Ислам Даму Банкінің, Сауд Даму қорының, Жеке секторды дамыту жөніндегі ислам корпорациясының, Сауд стратегиялық серіктестік орталығының өкілдері, сондай-ақ Ajlan & Bros., Al Hokair Group, Lulu Group, Saudi Ceramics, Areen Holding, Nasmat Hegaz Group  сияқты бірқатар ірі Сауд компанияларының басшылары мен өкілдері қатысты.

Форум барысында тараптар сауда, экономика, инвестициялар, туризм, авиация, логистика және т. б. салалардағы елдер арасындағы ынтымақтастықты кеңейту жолдарын талқылады.

Сауд тарапы қатысушыларды Орталық Азия елдерімен іске асырылған және қолданыстағы бірлескен жобалармен таныстыра отырып, біздің өңірмен экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға мүдделілік білдірді.

Орталық Азия елшілері өз кезегінде қолданыстағы инвестициялық және бизнес мүмкіндіктер туралы баяндамалар мен презентациялар жасап, Сауд тарапын өз мемлекеттерінде іске асырылып жатқан жобаларға белсенді қатысуға шақырды.

Өз алғысөзінде ҚР Елшісі Берік Арын қатысушыларды еліміздің негізгі экономикалық жетістіктерімен таныстырды, сондай-ақ шетелдік инвесторлар үшін қолайлы бизнес-климат құру бойынша визалық режимді ырықтандыру, инвесторлардың құқықтарын қорғау, әкімшілік кедергілерді азайту және т. б. сияқты  жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.

Қазақстандық дипломат инвестициялық қызметті және ел экономикасының түрлі секторларына инвестициялар тарту жөніндегі шараларды жеке таныстырды. Елші Сауд бизнесмендерін Қазақстандағы түрлі инвестициялық жобаларға қатысу, қазақстандық серіктестермен байланыс орнату арқылы осы бағыттағы жұмысты жандандыруға шақырды. Осы тұрғыда ол Сауд кәсіпкерлерін Қазақстанға келуге және жергілікті орындарда бар мүмкіндіктермен танысуға шақырды.

Сонымен қатар, Б. Арын Сауд аудиториясына осы жылдың қаңтар айының басында Қазақстанда орын алған қайғылы оқиғалар туралы объективті ақпарат беріп, Мемлекет басшысы қабылдаған батыл әрі уақтылы шаралардың арқасында елдегі жағдай тұрақтанып, халық қалыпты өмірге оралғанын атап өтті.

Осы тұрғыда ол Сауд бизнесмендерін ҚР Үкіметі тарапынан шетелдік инвестицияларды қорғауға, ұлттық экономиканың ашықтығына және келісім-шарттарға қол сұғылмаушылыққа кепілдіктер берілетініне сендірді, сондай-ақ шетелдік инвесторлар мен сауда әріптестерінің сенімін арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралармен таныстырды.

Сауд бизнесмендері қазақстандық тараптың тақырыптық презентацияларымен үлкен қызығушылықпен танысты. Талқылау барысында САК кәсіпкерлері қазақстандық нарықтағы өз қызметін кеңейту мүмкіндігін егжей-тегжейлі зерттеуге қызығушылық танытты.

 https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/region-news/details/7747?lang=ru