• Мобильді үстемені жүктеу

Р. Скляр герман компанияларының басшыларымен онлайн-келіссөздер жүргізді

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Германияның ірі компанияларының басшыларымен онлайн-кездесу өткізді. Іс-шара Қазақстан-Германия сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығын тереңдетуге, «жасыл экономиканы» дамытуға, бірлескен жобаларды іске асыруға, сондай-ақ неміс инвесторларының құқықтарын қорғау шараларына арналды.

Онлайн-кездесуге Қазақстандағы 90-ға жуық герман компаниялары мен олардың филиалдарының өкілдері қатысты, олардың ішіндеCLAAS, Svevind Group, Volkswagen, Siemens, Deutsche Bank, Knauf, Deutsche Bahn AG және басқалар. Сонымен қатар, іс-шараға ГФР-дағы ҚР дипломатиялық өкілдігінің басшысы Д. Карпов және ҚР-дағы ГФР дипломатиялық өкілдігінің басшысы М. Иверсен, ГФР федералдық мемлекеттік органдарының, салалық және өңірлік бизнес-қауымдастықтарының өкілдері қатысты.

Роман Скляр өз сөзінде Германиялық әріптестерін Қазақстандағы ағымдағы қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдай туралы, сондай-ақ ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың бастамалары және ҚР Үкіметінің тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету, қоғамдық әл-ауқат және инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі шаралары туралы хабардар етті.

Ол шетелдік серіктестермен ынтымақтастықтың Қазақстан үшін ерекше мәні бар екенін атап өтіп, Қазақстанның инвесторлар мен бизнес алдындағы барлық міндеттемелері мен кепілдіктері қатаң сақталатынына және толық көлемде орындалатынына герман әріптестерін сендірді.

Герман бизнесінің өкілдері ESG талаптарын күшейту, жаһандық энергетикалық және технологиялық көшу жағдайында Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасын әзірлеу туралы хабардар етілді.

Өз кезегінде Герман экономикасы шығыс комитетінің төрағасы О. Гермес ГФР-дың аймақтағы басты серіктесі Қазақстанмен ынтымақтастықтың маңыздылығын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, ел тұрақты энергия өндіру үшін үлкен әлеуетке ие және Германия үшін қалаулы серіктес болып табылады. Осы тұрғыда ол германиялық іскер топтар Қазақстан Президентінің бастамаларын қолдайтынын және елдің дамуына өз үлестерін қосатынын атап өтті. Сондай-ақ, О. Гермес ағымдағы жылдың мамыр айында Неміс бизнес-делегациясының басшылығымен Қазақстанға іскерлік сапар жасау ниеті туралы хабарлады. 

Герман бизнесінің өкілдері соңғы оқиғалар Қазақстандағы компаниялардың ағымдағы және болашақ инвестициялық жоспарларына әсер етпегенін атап өтіп, инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша жүргізіліп жатқан саясатқа қолдау білдірді.

Елші М. Иверсен, сондай-ақ CLAAS, Deutsche Bahn және Svevind Energy компанияларының басшылығы да ел басшылығының ахуалды тұрақтандыру жөніндегі шараларына қолдау білдіріп, бірлескен жобаларды іске асыру бойынша ҚР-мен ынтымақтастықты жалғастыруға ниет білдірді.

Соңында «сұрақ-жауап» форматында пікірталас өтті, онда қатысушылар практикалық мәселелерді іске асыру барысын талқылады.

 https://primeminister.kz/ru/news/r-sklyar-provel-onlayn-peregovory-s-rukovoditelyami-germanskih-kompaniy-260292