• Мобильді үстемені жүктеу

"EXPO 2020 Dubai" көрмесіндегі Қазақстан павильоны танымалдығы бойынша ТОП-10 қатарына кіреді

Еліміздің Премьер-министрі Асқар Мамин Дубайдағы EXPO дүниежүзілік көрмесінде Қазақстанның Ұлттық күні аясында ұйымдастырылған іс-шараларға қатысты. Үкімет басшысы Цифрлық экспозициямен танысып, тақырыптық павильондарды аралап, қазақстандық сауда-инвестициялық форумның жұмысына қатысқан жетекші компаниялардың басшыларымен келіссөздер жүргізді. Оның қорытындысы бойынша Қазақстанда жалпы қуаты 4 гигаватт күн және жел электр станцияларын салу жөніндегі уағдаластықтар болды, деп хабарлайды "Хабар 24".  

Мадияр Меңілбеков, ҚР БАӘ-дегі Төтенше және Өкілетті Елшісі:

- Егер сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы айтатын болсақ, жыл басынан бері екі ел арасындағы тауар айналымы 580 миллион долларға жетті. Оның 518 миллион доллары экспорт көлемі. Өткен жылы Біріккен Араб Әмірліктерінен Қазақстанға 181 миллион доллар инвестиция тартылды. Ал 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл-65 миллион доллар. 

Наджиб Хори, Mirakgroup төрағасы:

- Мен Қазақстанды өзім барған ең үздік елдердің бірі деп санаймын. Ол инвестициялар тұрғысынан, әсіресе ауыл шаруашылығы саласында тартымды. Белгілі бір сын-қатерлер бар, бірақ әлеует пен болашағы бар, тіпті мұнай өндіру саласынан да жақсы. Менің Mirakgroup деп аталатын  компаниям Агробизнесте 40 жылға жуық уақыт болды және соңғы үш жыл ішінде бізде жобаларды Қазақстанда іске қосуға талпыныс болды. Көптеген шақырулар болды, бірақ қазір біздің серіктесіміз бар және жақын арада жобаны іске қосамыз деп үміттенеміз.

"EXPO 2020 Dubai" көрмесіндегі Қазақстан павильоны ең танымал павильондардың бірі болып табылады. Ол ТОП-10-ға кіріп отыр. Оған күн сайын сегіз мыңнан астам адам келеді. Ал дүниежүзілік көрме ашылған сәттен бастап оған 400 мыңнан астам қонақ келіп үлгерді.

Аллен Чайжунусов, Qazexpocongress Басқарма Төрағасы:

-Жалпы, еліміздің EXPO-2020 көрмесіне қатысу бағдарламасы 30-ға жуық іскерлік іс-шараны өткізуді қарастырады, олардың бір бөлігі қазірдің өзінде өтті. Ағымдағы аптада сауда-экономикалық миссияны өткізу жоспарлануда. Жалпы, барлық іс-шаралар елдің инвестициялық әлеуетін ашуға және екіжақты экономикалық келісімдерге қол қоюға бағытталған.

https://24.kz/ru/news/economyc/item/513544-pavilon-kazakhstana-na-expo-2020-dubai-vkhodit-v-top-10-po-populyarnosti