Қытай Қазақстанда жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүдделі
Қытайлық инвесторлар Қазақстанда тамақ өнеркәсібі мен тау-кен металлургия кешені саласындағы бірқатар жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастыруда. Бұл туралы "KAZAKH INVEST" ҰК" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жандос Темірғалимен жұмыс кездесуі барысында қытайлық "CITIC"қаржы-өнеркәсіптік холдингінің басшылары хабарлады.
Кездесу барысында "CITIC Construction" вице-президенті Ян Дзяньцян компанияның АӨК және ТМК секторларына, атап айтқанда ет өнімдерін өндіруге, дәнді және майлы дақылдарды терең өңдеуге, сондай-ақ ванадий және басқа да түсті металдар кен орындарын игеруге жаңа жобаларды инвестициялауға мүдделілігі туралы хабарлады.
Келіссөздер шеңберінде инвесторларға Қазақстан Республикасының инвестициялық әлеуеті, еліміздегі бизнесті қолдаудың мүмкіндіктері мен тетіктері таныстырылды. Қытайлық кәсіпкерлердің ерекше қызығушылығын жоғарыда аталған секторлардағы нақты инвестициялық жобалар мен инвестициялық мүмкіндіктер тудырды.
"Көптеген жылдар бойы мемлекет тарапынан агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға үлкен көңіл бөлініп келеді. Агроөнеркәсіптік секторды дамыту үшін мемлекет оны жақсартуға бағытталған шаралар кешенін қабылдауда, осыған байланысты бүгінгі күні ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өндірісінің ұлғаюы, республикада жаңа ауыл шаруашылығы объектілерін қалыптастыру және ауыл шаруашылығы саласына инвестициялау көлемінің ұлғаюы байқалуда", - деп атап өтті "KAZAKH INVEST" ҰК" АҚ жобалық менеджері Самат Алмағамбетов.
Сондай-ақ, қытайлық инвесторлармен кездесу барысында "KAZAKH INVEST" ҰК" АҚ ТМК бойынша жобалық менеджері Диляра Текигулова ТМК саласында инвестициялық жобаларды іске асырудың артықшылықтары туралы айтып, Қытай тарапы үшін жасалған нақты инвестициялық ұсыныстарды ұсынды.
CITIC Construction - CITIC Group еншілес компаниясы, инженерлік-құрылыс саласында маманданған. 1982 жылдан бастап корпорация шетелдік жобаларға инвестиция салумен айналысады. 2017 жылы корпорацияның активтері $973 млрд- тан асты, кірісі - $61 млрд. Компания Forbes Fortune 500 рейтингінде 149-орынды иеленді.
"CITIC Group" штаб-пәтері Пекин қаласында орналасқан. Корпорация 40-тан астам түрлі компанияларды (банктерді), соның ішінде АҚШ, Канада, Австралияда орналасқан және т.б. Токио және Нью-Йорк қалаларында өкілдіктері бар. Корпорация қызметкерлерінің жалпы саны шамамен 180 мың адамды құрайды.