• Мобильді үстемені жүктеу

Мемлекет басшысы бірқатар швейцариялық компаниялардың басшыларын қабылдады

Швейцария іскер топтары делегациясымен кездесу соңында Мемлекет басшысы бірқатар компаниялардың басшыларымен жеке кездесулер өткізді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Stadler Rail AG директорлар кеңесінің төрағасы Петер Шпулермен әңгімелесу барысында көлік саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру перспективалары, сондай-ақ Қазақстан-Швейцария іскерлік кеңесінің кезекті отырысын өткізуге байланысты мәселелер талқыланды.

Glencore International AG компаниясының бас директоры Айван Глазенберг Қасым-Жомарт Тоқаевқа компанияның "Қазмырыш" ЖШС-ін одан әрі дамыту жөніндегі жоспарлары, соның ішінде Жәйрем тау-кен байыту комбинатында полиметалл кенін қайта өңдеу зауытын салу туралы айтып берді.

Президент Шығыс Қазақстан облысындағы экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында озық технологияларды енгізудің маңыздылығына назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жақын арада қызметінен кетіп жатқан Айван Глазенбергке Қазақстанның тау-кен өндіру саласын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтып, кездесуге қатысып отырған оның орнына компанияны басқаратын Гэри Нейглге табыс тіледі.

Президенттің F. Hoffmann-La Roche AG фармацевтикалық компаниясының басқарма төрағасы Кристоф Францпен кездесуінде Covid-19-ны қоса алғанда, әртүрлі ауруларды зерттеу жөніндегі ғылыми-зерттеу зертханасын құру бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері қозғалды.

https://24.kz/ru/news/economyc/item/483603-glava-gosudarstva-prinyal-rukovoditelej-ryada-shvejtsarskikh-kompanij