• Мобильді үстемені жүктеу

Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовті қабылдады

Мемлекет басшысы ағымдағы жылдың басынан бастап Шығыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есепті тыңдады.

Кездесу барысында өңірдің инфрақұрылымдық дамуына ерекше назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Бұқтырма су қоймасы арқылы көпір салу және Семей қаласында автожол көпірін жөндеу жөніндегі тапсырмаларының іске асырылуы туралы мәлімет берілді. Даниал Ахметов сондай-ақ Президентке Өскемен және Үржар әуежайларының қайта жөнделуі туралы баяндады. Осы қалалардағы авиациялық айлақтарды жаңғыртуды ағымдағы жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін инфрақұрылым мен тұрғын үй құрылысын жеделдете салу қажеттігін айтты. Әкімнің айтуынша, 2020 жылы 1049 пәтер бөлінді, ал ағымдағы жылдың соңына дейін аз қамтылған және көп балалы аналарға қосымша 1125 пәтер мен үй беріледі.

Кездесудің тағы бір тақырыбы аграрлық сектордың экспорттық әлеуетін нығайту перспективалары болды. Даниал Ахметов Мемлекет басшысына қуаттылығы 300 мың тонна болатын майлы дақылдарды қайта өңдеу зауытын іске қосу және ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісін одан әрі кеңейту жөніндегі жоспарлар туралы хабарлады.

Сонымен қатар, өңірдің индустриялық-инновациялық даму мәселелері қозғалды. Даниал Ахметов Ақтоғай тау-кен байыту комбинатының екінші кезегінің құрылыс барысы туралы хабарлады.

Есеп беру қорытындысы бойынша Президент Шығыс Қазақстан облысының әкіміне бірқатар тапсырма берді.

 https://www.akorda.kz/ru/kasym-zhomart-tokaev-prinyal-akima-vostochno-kazahstanskoy-oblasti-daniala-ahmetova-2745551