• Мобильді үстемені жүктеу

Шетелдік инвестицияларды тартуды күшейту туралы

Нұр-Сұлтан, 2021 жылғы 10 наурыз – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің төрағалығымен шетелдік инвестицияларды тарту мәселелері бойынша Қазақстанның шет елдердегі мекемелерінің басшыларымен онлайн-кеңес өтті. Сондай-ақ, бейінді және салалық министрліктердің, «АХҚО» АҚ басшылығы және шетелдегі «Kazakh Invest» АҚ өкілдері қатысты.

Кеңес барысында СІМ басшысы елімізге тартылатын тікелей шетелдік инвестициялар көлемін 2025 жылға қарай 30 млрд. АҚШ долларына дейін ұлғайту жөніндегі міндеттер тұрғысынан шетелдік мекемелердің инвестициялық бағыттағы жұмысын күшейту мен жандандырудың маңыздылығына назар аударды. Осы тұрғыда дипломатиялық өкілдіктердің жұмысы жыл қорытындысы бойынша негізгі көрсеткіштерге, оның ішінде қабылданған Елдік инвестициялық бағдарламалар шеңберінде қол жеткізу мәніне бағаланатыны атап өтілді.

Дипмиссия басшылары 2021 жылғы 26 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысы шеңберінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген инвесторлармен жұмыс жасау және елдегі инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жөніндегі жаңа тәсілдемелермен, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдар мен ұлттық компаниялардың бірінші басшыларының орынбасарларына инвестициялар тарту мәселелерін бекітумен егжей-тегжейлі танысты.

Ведомствоаралық өзара іс-қимылды одан әрі күшейту және елшіліктердің жұмысын үйлестіру үшін инвестициялық-экономикалық тректе бейнеконференцбайланыс арқылы шетелдік мекемелердің бейінді ведомстволармен, әкімдіктермен және ұйымдармен тұрақты негізде нысаналы кездесулер өткізу туралы шешім қабылданды.

 https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/172014?lang=ru