Польша бизнесмендеріне Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері ұсынылды
Варшавадағы ҚР елшілігі «KAZAKHINVEST» ҰК» АҚ, Кельц қаласындағы Көрме орталығы және Польша-Қазақстан сауда-өнеркәсіп палатасымен бірлесіп, «Қазақстан-үлкен мүмкіндіктер елі» тақырыбына онлайн-вебинар өткізді.
Іс-шарада Польшадағы ҚР елшісі Алим Кирабаев, ҚР СІМ Инвестициялар комитеті төрағасының орынбасары Ардақ Зебешев, Польша-Қазақстан Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті П. Гузовский және «KAZAKHINVEST» ҰК» АҚ жобалық менеджері Алтынай Мұқанова баяндама жасады.
Польша аудиториясы екіжақты сауда-инвестициялық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайымен және даму перспективаларымен, Мемлекет Басшысы Жолдауының негізгі тезистерімен және ҚР Үкіметі жаңа жағдайда халық пен бизнесті қолдау бойынша қабылдап жатқан шаралармен танысты.
Баяндамаларда геостратегиялық жағдай, транзиттік және логистикалық әлеует, бай ресурстық база, халықаралық сауда және инвестициялық келісімдер, сондай-ақ негізгі әлемдік нарықтарға қолжетімділік сияқты ҚР инвестициялық артықшылықтары аталды.
Польшаның жекелеген компанияларының өтініші бойынша фармацевтика саласына арналған мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде толығырақ ақпарат ұсынылды.
Польша қатысушылары ҚР бизнес-және инвестициялық ахуалды жетілдіру жөніндегі шараларды жоғары бағалады және ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделілік танытты.