Германиялық инвесторлар салаларды цифрландыру және технологиялық жабдықтау бойынша тәжірибемен бөлісті
Бейнеконференция форматында өткен орталық мемлекеттік органдар мен инвестор-компания өкілдерінің кеңесіне ҚР Сыртқы істер, энергетика, цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерінің басшылық құрамы, сондай-ақ ҚР ГФР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәурен Карипов, ҚР СІМ Инвестициялар жөніндегі комитетінің, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басшылары, Ресей мен Орталық Азиядағы «Siemens» басшылығы, сондай-ақ технологиялық компанияның елдік және салалық бөлімшелерінің басшылығы қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылдың ақпан айында Германияға жұмыс сапары аясында «Siemens AG» компаниясының атқарушы директоры Джо Кэзермен кездесуі болып өтті, кездесу барысында Қазақстанның «Siemens» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастығын нығайту перспективалары талқыланды.
Бүгінгі онлайн-кездесу бірлескен жоспарларды келісу және жүзеге асыру бойынша аралық кезеңдердің бірі болып табылады. Онлайн кездесу барысында Қазақстан Үкіметі мен «Siemens» әлемдік технологиялық концерні арасында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр мен Ресей және Орталық Азиядағы «Siemens» Президенті Александр Либеров қол қойған Өзара түсіністік туралы меморандумның орындалуын талқылауға ерекше назар аударылды. Мәселен, Қазақстан Үкіметі мен «Siemens» өнеркәсіп секторын цифрландыру және автоматтандыру, зияткерлік беру, электр энергиясын тарату және тұрақты энергия өндіру сияқты салаларда бірге қызмет жасауға келісті. Бүгінгі онлайн-кездесу барысында цифрландыру, денсаулық сақтау және энергетика саласын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Инвестордың айтуынша, компания жаңа әдістер мен заманауи технологиялық базаны енгізуді қоса алғанда, технологиялар саласында технологиялық ынтымақтастықты және жергілікті тәжірибені дамытуға мүдделі. Компания өкілдері цифрландырудың басым бағыттарын бірлесіп жүзеге асыруды, нормативтік-құқықтық базаны жақсартуды, мамандарды оқытуды, қазақстандық тараппен бірлесіп сандық технологияларға инвестицияларды жұмсау және инфрақұрылымды дамытуды көздейтін салаларды цифрландыру бөлігінде қолда бар тәжірибені қолдануға дайын екендігі туралы хабарлады.
Денсаулық сақтау саласында цифрландыруды талқылау барысында Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров әріптестермен өзара іс-қимылдың ықтимал жолдарын зерттеу қажеттігін атап өтті, өйткені жоғары білікті кадрлармен қатар медициналық мекемелерді дамыту және жабдықтау қажет. Сондай-ақ Алмас Айдаров инвестормен өзара қарым-қатынасты одан әрі дамыту мақсатында бірқатар ұсыныстарды айтып өтті. Сонымен қатар, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ-на Қазақстан Республикасының аумағында инвесторға қолдау көрсету және сервистік сүйемелдеу бойынша тапсырмалар берілді.
Энергетика саласында Қазақстанның энергетика министрлігі мен «Siemens» жаңа тұжырымдамаларды – басқарудағы зияткерлік жүйелерді қолдану перспективаларын қарастырды.
Барлық айтылған ұсыныстар мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен жеке жұмыс тобы шеңберінде жан-жақты зерделеніп, оның жұмыс шеңберінде әлеуетті тиімді жобаларды анықтау үшін кешенді тәсіл қолданылатын болады.