• Мобильді үстемені жүктеу

Қазақстан мен Өзбекстан 52 келісімге қол қойды

II-ші Өңіраралық ынтымақтастық форумының қорытындылары бойынша Қазақстан мен Өзбекстан жалпы сомасы шамамен 500 млн долларға экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы 52 құжатқа қол қойды, соның ішінде Форумның қорытынды декларациясы, машина жасау, ауылшаруашылық, қаржы-банк, өнеркәсіп, инфрақұрылым, фармацевтика және басқа салалардағы ведомствоаралық, аймақаралық және коммерциялық келісімдер, деп хабарлайды primeminister.kz.

«Біздің көшбасшыларымыздың саяси ерік-жігерінің арқасында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестік сапалы жаңа деңгейге көтерілді», - деді Асқар Мамин.

Қазақстан Үкіметінің басшысы екіжақты сауда айналымын одан әрі дамыту туралы қол жеткізілген уағдаластықтар өзара мүдделердің қолданыстағы және жаңа түйіскен нүктелерін белсенді түрде іске асыру қажеттілігін туғызатынын атап өтті.

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин мен ӨР Премьер-министрі Абдулла Ариповтың кездесуі барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, ауылшаруашылық, транзиттік-көлік, су және энергетика, тоқыма, машина жасау, туризм және экологиялық салалардағы, сондай-ақ қаржылық технологиялар мен аймақаралық ынтымақтастық саласында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытудың перспективалары талқыланды.

Асқар Мамин мен Абдулла Арипов 300-ден астам адамды - мемлекеттік органдардың, өңірлердің, сондай-ақ екі елдің іскерлік топ өкілдерінің басын қосқан «Агроөнеркәсіптік кооперация, өнеркәсіп және туризм саласындағы өңірлік бизнестің ынтымақтастығы» тақырыбында болып өткен Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының II-ші Өңіраралық ынтымақтастық форумының қорытынды отырысына қатысты.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Шымкенттегі «Оңтүстік» СЭА базасында жеңіл өнеркәсіптің қазақ-өзбек кластерін құру, Түркістан, Ташкент, Самарқанд, Бұхара және Хорезм облыстарында туристік объектілер бойынша бірлескен туристік бағыттар ашу, көтерме-таратушы және агро-логистикалық орталықтарды бірлесіп дамыту туралы бастамаларды көтерді.

Асқар Мамин екі елдің транзиттік-көлік және логистика саласындағы ынтымақтастық әлеуетіне ерекше тоқталып өтті.

«Солтүстік-Оңтүстік» дәлізінің инфрақұрылымын қалыптастыру, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту бойынша бірлескен күш-жігерді жандандыру қажеттігін баса айта отырып, «Қазақстан үшін сіздің еліңіз Оңтүстік Азияға шығу, Өзбекстан үшін біздің аумағымыз ЕАЭО және Оңтүстік-Шығыс Азия, Кавказ және Еуропа нарықтарына қол жеткізу аймағы»,-деді Асқар Мамин.

Форум екі елдің іскерлік топтарының өкілдеріне B2B (business-to-business) форматында кездесулер өткізуге, сондай-ақ арнайы ұйымдастырылған көрмеде өздерінің өндірістік және инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыруға мүмкіндік берді.

https://kapital.kz/economic/85025/kazakhstan-i-uzbekistan-podpisali-52-soglasheniya.html