Алматыда сарапшылар инвестициялық жобаларды іске асырудың өзекті мәселелері туралы айтып берді
Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының мемлекеттік органдары мен ұйымдарының өкілдеріне арнап Алматы қаласында ұйымдастырылған оқыту тренингі шеңберінде аймақтық деңгейдегі инвестициялық қызметті қолдаудың өзекті мәселелері талқыланды.
Іс-шара барысында «Kazakh Invest» ҰК» АҚ (бұдан әрі – Kazakh Invest) өкілдері Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіндегі өзекті өзгерістерді түсіндіріп айтты, инвестицияларды құқықтық қорғау, сонымен бірге, АХҚО қолдау шаралары мен инвесторларға арналған invest.gov.kz Бірыңғай ұлттық интерактивті интернет-ресурсының мүмкіндіктері туралы ақпарат берді.
Атап айтқанда, спикерлердің бірі - Kazakh Invest Сервистік қолдау және постинвестициялық мониторинг департаментінің жобалық менеджері Алида Туебекова Қазақстан экономикасының шикізат емес секторына инвестиция тартудың аса маңызды аспектілері туралы ақпарат берді. Менеджердің айтуынша, бүгінгі күні инвестиция тартудың басты құралы еліміздегі бүкіл инвестициялық климатты қалыптастыратын құрамдас бөліктер болып табылады. «Ең алдымен, мемлекеттік қолдау шаралары: инвестициялық преференциялар, құрал-жабдықтарды, шикізаттар мен материалдарды баж төлемей, енгізу түріндегі салық жеңілдіктері, сонымен қоса, жобаны іске асыру үшін жер телімдерін беру. Екіншіден, еңбек ресурстарының болуы және үшіншіден, өнімді экспорттауды ұйымдастыру үшін ішкі нарық пен инфрақұрылымның әлеуеті жоғарғы деңгейде болуы керек», - деп атап өтті спикер.
Осы іс-шараның мақсаты инвестицияларды тарту және қолдау саласындағы «бір терезе» қызметіне қатысатын ұйымдар үшін ақпараттық кеңістікті қалыптастыру болып табылады.
«Бұл жоба еліміздің инвестициялық климатын жақсарту үшін өте тиімді болып табылады. Дәл осы платформада мемлекеттік органдардың, оның ішінде аймақтық органдар мен инвестиция саласында мамандандырылған ведомстволардың өкілдері инвесторлармен жұмыс істеу кезінде туындайтын мәселелерді шешу бойынша тәжірибесімен бөлісе алады», - деп атап өтті семинарға қатысушы, АХҚО Экспат орталығы басшысының орынбасары Олжас Букенов.
Сонымен бірге, тренинг барысында топтарда воркшоптар ұйымдастырылып, қатысушыларға арнайы әзірленген сұрақтарды практикалық тұрғыдан шешу ұсынылды, мұндай сұрақтар Қазақстанның инвестициялық қызметіндегі бизнесмендерде туындауы мүмкін.