• Мобильді үстемені жүктеу

«Жасыл» экономикаға салынған инвестиция 80,2 млрд теңгені құрады

2018 жылдың алдын ала қорытындысы бойынша қоршаған ортаны қорғауға бағытталған инвестициялар бір жылда 2,5 есе артқан және 80,2 млрд теңгені құрады. Бұл капитал салымының бүкіл тарихында  осы саладағы рекордтық көрсеткіш. Бұрын берілген инвестициялардың барынша көп мөлшері 2014 жылы тіркелген— 78,7 млрд теңге. Бұл мәліметтерді finprom.kz беріп отыр.

2017 жылы қоршаған ортаны қорғауға салынған инвестиция сомасы 32,5 млрд теңге, бұл ретте жылдық өсімі 0,9% ғана болған.

Ұлттық экономикадағы «жасыл» технологиялардың бәсекеге қабілеттілігі  белсенді түрде артып келеді. 2050 жылға қарай «жасыл» экономика шеңберіндегі қайта құрылулар ЖІӨ 3%-ға қосымша арттыруға,  500 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға, өнеркәсіп пен қызмет көрсетудің жаңа салаларын қалыптастыруға, сонымен бірге тұрғындардың өмір сүру сапасының жоғарғы стандартын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ендігі мақсат — 2020 жылға қарай электр энергиясын өндірудің жалпы көлемінде жел электр станциялары мен күн электр станцияларынан 3% үлесін алу болып табылады.

Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған инвестициялардың ең көп шоғырлануы Ақмола облысында байқалады: бір жыл бұрынғы осы кезеңмен (3,8 млрд тг) салыстырғанда 25,7 млрд теңге —6,5 есе көп.

Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған қаражатты инвестициялау көлемі бойынша көшбасшы аудандардың үштігіне  Жамбыл (133,8 млн теңгеден 12,7 млрд тг дейін) және Атырау (9,1 млрд тг, жылдық өсімі 2 еседен артық) облыстары да кіреді.

Елімізде  жаңғыртылатын энергия көздерінің  65 объектісі жұмыс істейді, оның ішінде  12 жел, 19 күн, 33 гидроэлектр станциялары және 1 биогаз  қондырғысы. 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл станциялар 629,5 млн кВт⋅с электр энергиясын өндірген.

Қазіргі уақытта Ақмола облысында қуаттылығы  50 МВт болатын «Астана ЕХРО-2017» жел электр станциясының құрылысы жүргізілуде. ЖЭС пайдалануға беру парниктік газдардың шығарылуын жылына 230 мың тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді.  Бұл 113 мыңнан астам автокөліктен шығарылатын зиянды қалдықтарға тең. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін станция жаңғыртылатын энергия көздері есебінен 10 мыңнан астам отбасының қажеттіліктерін қамтамасыз ете алатын болады, сол арқылы қазып алынатын отынды қолдану көлемі азаяды.

ЖЭС құрылысы инвесторларының бірі — «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ-ның жобадағы жарғылық капиталының қатысу үлесі  23,55%. «Қазына Капитал Менеджмент» құрылымына енетін DBK Equity Fund және Baiterek Venture Fund жобаға 3,6 млрд теңге инвестиция құйған.

Қуаттылығы 50 МВт болатын жел электр станциясы құрылысының жалпы құны 45,1 млрд теңгені (130,8 млн АҚШ долл.) құрайды. Осы жобаға «Қазына Капитал Менеджмент» қорларынан басқа «Бәйтерек» ҰБХ-ның екі еншілес ұйымы: Қазақстанның Даму Банкі (30,5 млрд тг) және оның еншілес ұйымы «ҚДБ-Лизинг» АҚ (3,6 млрд тг) қаражат берді.

Қорлар мен институционалдық  инвесторлардың осындай жобаларға қатысуы мемлекет басшысы 2030 жылға қарай баламалы энергияның үлесін 30%-ға дейін жеткізуді міндеттеген Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу бойынша стратегиясының орындалуына ықпал етеді.

«Қазына Капитал Менеджмент» ұлттық экономикамыздың тұрақты дамуына жәрдемдесу бағытында жұмыс істейтін 13 қорды басқарады.  2017 жылдың соңына қарай «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ-ның инвестициялық портфелі 66,1 млрд теңге (202,8 млн доллар), бұл құны 46,9 млрд теңгені құрайтын (барлық инвестициялық портфельдің 71%-ы) Қазақстанда орналасқан 25 жобаны қамтиды.

Инвестициялық портфельдің қалған 29%-ы өзге мемлекеттердің аумағындағы 34 жобамен қалыптастырылды. «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ инвестициялаған жобалардың көпшілігі энергетика саласында (22 жоба) және көлік саласында (7 жоба) іске асырылуда.

https://kapital.kz/economic/75628/investicii-v-zelenuyu-ekonomiku-sostavili-80-2-mlrd-tenge.html