Қытайдың мемлекеттік даму банкі қазақстандық жобаларға 20 млрд. $ жұмсады
Республикамызда Қытай капиталының қатысуымен салынған 1200 кәсіпорын бар.
Қытай Мемлекеттік даму Банкі (ҚМДБ) Қазақстан аумағындағы 32 жобаны қолдады. Бұл ретте, қаржыландырудың жалпы сомасы 20 млрд –тан астам долларды құрайды, - деп хабарлайды Kapital.kz іскери ақпарат орталығының тілшісі.
Астана қаласында АХҚО биржасында ҚМДБ өкілдігінің ашылу рәсімінде Ұлттық экономика министрі Тимур Сулейменов «ҚМДБ 15 млрд доллар көлемінде арнайы несие желісін құрғанын атап өткім келеді. Осы жоба шеңберінде Қазақстанда 4 негізгі жоба іске асырылды. Қаржыландыруға мақұлданған қаражаттың жалпы сомасы 4,6 млрд долларды құрайды. Бұл жобалар жеңіл рельсті көлік, полипропилен өндірісі жөніндегі жобаны, гербицидтер құру жөніндегі жобаны, сонымен бірге «Шымкент МӨЗ» модернизациясын қамтиды»,— деп хабарлады.
Сонымен бірге, Ұлттық экономика министрлігінің басшысы Қазақстан мен ҚХР арасындағы тауар айналымының 33%-ға ұлғайғанын, ал кейінгі Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесі шегінде биыл жазда Астана қаласында жалпы сомасы 13 млрд долларды құрайтын 40-тан астам коммерциялық құжаттарға қол қойылғанын айтты.
«Банк біздің еліміздің аумағындағы 32 жобаға қолдау көрсетті. Жалпы қаржыландыру сомасы 20 млрд доллардан артық. Бұл мұнай-газ, пайдалы қазбалар, электр энергиясы, химиялық өнеркәсіп және қаржы саласы тәрізді бағыттар. Қазіргі уақытта өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығының және қаржы секторының барлық салаларында Қытай капиталының қатысуымен шамамен 1200 кәсіпорын жұмыс істейді», —деп атап өтті Тимур Сулейменов.
Республикамызда Қытай капиталының қатысуымен салынған 1200 кәсіпорын бар.