Қазақстан жаңартылатын энергия көздерін дамытудың өңірлік орталығы болуға дайын - Әлихан Смайылов
ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Мысырда өтіп жатқан Климаттың өзгеруі жөніндегі жаһандық конференцияның (COP27) Әлемдік көшбасшылар саммитінде сөз сөйледі.
Климаттық саммит жұмысына 120-дан астам елдің өкілдері қатысады. Мемлекеттер мен үкіметтердің басшылары климаттың өзгеруінің ең өзекті мәселелері бойынша өз елдерінің көзқарасын білдіретін "ұлттық үндеулермен" сөйлейді.
Әлихан Смайылов өз сөзінде Қазақстанның климат жөніндегі Париж келісімінің мақсаттары мен міндеттеріне берік және өзгеріссіз берілгендігін атап өтті.
«Біздің еліміз 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етіп қойды. Осының аясында біз жыл соңына дейін Төмен көміртекті даму стратегиясын қабылдауды жоспарлап отырмыз. Бұл тарихи сәт болмақ: Орталық Азиядағы ел алғаш рет осындай өршіл құжатты қабылдауда», - деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда жалпы өндірістегі «жасыл» энергияның үлесі шамамен 3% құрайды. Бұл ретте оның өндірісін 2030 жылға қарай 7 қосымша ГВт-қа 15%-ға дейін ұлғайту жоспарлануда. Осы жылға қарай көміртегі шығарындыларын кем дегенде 15% төмендету жоспарлануда.
«Қазақстанның «жасыл» энергетиканың әлемдік орталықтарының бірі болуға әлеуеті бар. Сондықтан біз жаңартылатын энергия көздерін дамытудың өңірлік орталығы ретінде әрекет етуге және жалпы Орталық Азияның «жасыл» технологияларға көшуін ынталандыруға дайынбыз», — деп атап өтті Премьер-Министр.
Осыған байланысты біздің еліміз «жасыл» сутегі өндірісі мен экспортын ұлғайтуға ерекше назар аударатынын айтты.
«Технологиялық жаңғыртудың маңыздылығын, атап айтқанда, білім алмасуды енгізу және «таза» технологияларды, оның ішінде Париж келісімі шеңберінде беру қажеттігін ерекше атап өткім келеді», — деді Әлихан Смайылов.
Бұдан басқа, ҚР үкіметі «жасыл» инвестицияларды ынталандыру жөнінде шаралар қабылдауда және «Жасыл» қаржының бірегей өңірлік инвестициялық орталығы ретінде «Астана» халықаралық қаржы орталығын ұсынуға дайын.
«Біз сондай-ақ жаңа Экологиялық кодекс аясында айтарлықтай күш-жігер жұмсаймыз және 2025 жылға дейін 2 миллиард ағаш отырғызу жөніндегі өршіл міндетті жүзеге асырамыз», - деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Қорытындылай келе, Премьер-Министр бүгінде әлемдік қоғамдастық алдында тұрған сын-қатерлердің бұрын-соңды болмаған ауқымын атап өтті.
«Осыған байланысты бізге тұрақты және тең болатын батыл шешімдер мен әділ даму үлгілері қажет. Қазақстан Климаттық күн тәртібіндегі мәселелердің кең ауқымы бойынша барлық халықаралық серіктестермен ынтымақтасуға дайын», - деп қорытындылады Әлихан Смайылов.