• Мобильді үстемені жүктеу

Қазақстан СІМ ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2022 жылғы 7 қараша

Мазмұны:

  1. Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрінің Солтүстік Македонияға алғашқы жұмыс сапарының қорытындалары туралы;
  2. Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрінің Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары туралы;
  3. Қазақстан мен Сербия арасындағы саяси консультациялар туралы;
  4. Түркі мемлекеттері ұйымдарының сыртқы істер министрлерінің кеңесі туралы;
  5. «Alem Saz» халықаралық фестивалі туралы;
  6. Қазақстанның БҰҰ-дағы 30 жылдығына арналған мерейтойлық пошта маркасы мен монетаның тұсаукесері туралы;
  7. Қазақстан азаматтарының Иранға визасыз режимін белгілеу туралы;
  8. Қазақстанның Түркиядағы жаңа Құрметті консулдығын ашу туралы.

 

1.Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрінің Солтүстік Македонияға алғашқы жұмыс сапарының қорытындалары туралы

2022 жылғы 1 қарашада Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің Солтүстік Македония Республикасына екіжақты қарым-қатынастар тарихындағы алғашқы ресми сапары өтті.

Сапар аясында ҚР сыртқы саясат ведомствосының басшысы Солтүстік Македония Президенті Стево Пендаровскимен, Ассамблея (Парламент) Төрағасы Талат Джаферимен және Сыртқы істер министрі Буяр Османимен кездесті.

Келіссөздер қорытындысы бойынша сыртқы саяси ведомстволардың басшылары ьараптар уағдаластықтарының негізгі қорытындыларын қамтитын Бірлескен мәлімдеме қабылдады.

2023 жылы Қазақстанның Солтүстік Македониядағы Елшілігін ашу туралы шешім жарияланды, бұл екі ел арасындағы дәстүрлі достық қатынастарды нығайтуға қосымша серпін береді.

2. Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрінің Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары туралы

Ағымдағы жылдың 3 қарашасында Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапармен барды, оның барысында Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның 9-шы отырысы және саяси консультациялардың 5-ші раунды өткізілді.

БАӘ Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі шейх Абдалла бен Заид Әл Нахаянмен келіссөздерде екіжақты қатынастарды одан әрі дамыту перспективалары талқыланды. Сұхбаттасушылар өзекті халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасты.

Саяси консультацияларда әмірліктер делегациясын БАӘ Энергетика және инфрақұрылым министрі Сухейль әл-Мазруи басқарды. Тараптар халықаралық аренада екі мемлекеттің өзара түсіністігі мен өзара қолдауының жоғары деңгейін атап өтті. Жоғары деңгейде тығыз саяси диалог жолға қойылған. Көпжақты құрылымдар шеңберінде тиімді әріптестікті одан әрі арттыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Сондай-ақ, БАӘ астанасында Бірлескен үкіметаралық комиссияның 9-шы отырысы өткізілді, оның қорытындысы бойынша тиісті Хаттамаға қол қойылды. Тараптар инвестициялық, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі уағдаластықтарды бекітті. Білім және ғылым, ауыл шаруашылығы, энергетика және жаңартылатын энергия көздері, тау-кен металлургия кешені, көлік және логистика, құрылыс және т. б. салалардағы перспективалы бірлескен жобалар айқындалды.

3. Қазақстан мен Сербия арасындағы саяси консультациялар туралы

2022 жылғы 4 қарашада Қазақстан мен Сербияның сыртқы саяси ведомстволарының делегациялары саяси консультациялардың кезекті раундын өткізді. Қазақстандық делегацияны Қазақстан СІМ Еуропа департаментінің директоры Олжас Сүлейменов, Серибия делегациясын Сербия СІМ Ресей және Еуразия департаментінің директоры Владимир Йовичич басқарды.

Тараптар екіжақты өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылады, саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға деген өзара көзқарас расталды. Көпжақты форматтағы, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Дипломаттар екі ел арасындағы байланыстарды кеңейту, оның ішінде сапарлармен алмасу, Екіжақты үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңестің кезекті отырыстарын өткізу, сондай-ақ екіжақты шарттық-құқықтық базаны кеңейту жоспарларын егжей-тегжейлі қарастырды.

4. Түркі мемлекеттері ұйымдарының сыртқы істер министрлерінің кеңесі туралы

Ағымдағы жылдың 10 қарашасында Самарқанд қаласында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысады.

Іс-шара барысында Түркі мемлекеттері ұйымының алдағы саммитіне дайындық мәселелерін қарау, сондай-ақ мемлекет басшыларының қол қоюына шығарылатын құжаттарды келісу жоспарлануда.

5. «Alem Saz» халықаралық фестивалі туралы

Қазақстанның бірқатар шет мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынастарының орнағанына 30 жыл толуына орай, сондай-ақ атақты қазақ әншісі Роза Бағланованың 100-жылдық мерейтойына орай 2022 жылғы 7-16 қараша аралығында «Alem Saz» халықаралық фестивалі өтеді, онда жеті мемлекеттің– Беларусь, Германия, Үндістан, Испания, Италия, Ресей және Түркия өкілдері өз шығармашылықтарын ұсынады.

Фестиваль аясында музыкалық концерттер, жәрмеңкелер, әртістердің шеберлік сыныптары, кино көрсетілімдері мен көрмелер өтеді. Іс-шара «Қазақстан» орталық концерт залында өтеді, кіру тегін.

Фестивальді Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігі, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен ұйымдастырғанын атап өткен жөн.

6. Қазақстанның БҰҰ-дағы 30 жылдығына арналған мерейтойлық пошта маркасы мен монетаның тұсаукесері туралы

Бүгін сағат 19.00-де БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі кеңсесімен бірлесіп, Қ. Қуанышбаев ат. Қазақ драма театрында (24 қазан) БҰҰ күнін мерекелеу өтеді.  Салтанатты қабылдау қарсаңында қонақтарға «Қанаттылар» инклюзивті театрының актерлерінің қатысуымен «Лейланың дұғасы» қойылымы ұсынылады.

Театр қойылымы басталғанға дейінгі мереке аясында театр сахнасында Қазақстанның БҰҰ-ға мүшелігінің 30-жылдығына арналған мерейтойлық пошта маркасы мен монетаның ресми тұсаукесері өтеді.

7. Қазақстан азаматтарының Иранға визасыз режимін белгілеу туралы

Иран Ислам Республикасының Үкіметі 2022 жылғы 11 қарашадан бастап екі ел арасындағы қатынастарды дамыту және нығайту мақсатында Қазақстан азаматтары үшін визасыз режим енгізеді, бұл біздің азаматтарымызға Иранның аумағында 14 күнге дейін болуға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, бұған дейін Қазақстан Үкіметінің 2022 жылғы 7 шілдедегі № 464 қаулысымен қолайлы инвестициялық ахуал құру, іскерлік байланыстарды жандандыру және елдің туристік әлеуетін одан әрі іске асыру үшін біздің тарап Иран, Қытай және Үндістан азаматтары үшін визасыз кіру режимін енгізді, бұл осы елдердің азаматтарына Қазақстан аумағында күнтізбелік 14 күнге дейін, 180 күнтізбелік күнді қамтитын әрбір кезең ішінде жалпы алғанда 42 күнге дейін визасыз болуға мүмкіндік береді.

8. Қазақстанның Түркиядағы жаңа Құрметті консулдығын ашу туралы

Ағымдағы жылдың 3 қарашасында Қазақстанның Түркияның Денизли қаласындағы Құрметті консулдығының салтанатты ашылуы өтті. Қазақстанның құрметті консулы бизнесмен, Қазақстандағы тоқыма өнімдері дүкендері желісінің негізін қалаушы Окан Оғыз болды.

Құрметті консулдықтың ашылуы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми салалардағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне серпін береді.

Іс-шара аясында Қазақстан Елшісі Еркебұлан Сәпиев Денизли және Афьон қалаларының жоғары оқу орындарында оқитын 250-ге жуық қазақстандық студенттермен кездесті, сондай-ақ олардың оқу барысымен және тұру жағдайларымен танысты.

Брифинг официального представителя МИД Казахстана А.С. Смадиярова, Астана, 7 ноября 2022 года (www.gov.kz)