• Мобильді үстемені жүктеу

Қазақстан мен Германия СІМ басшылары тығыз саяси және экономикалық серіктестікті нығайту перспективаларын талқылады

Астана, 2022 жылғы 31 қазан – Бүгін Германияның Сыртқы істер министрі Анна Лена Бербок Бундестаг депутаттарынан, неміс бизнес өкілдерінен және  БАҚ өкілдерінен делегациямен бірге Қазақстанға алғашқы сапарымен келді. Жұмыс бағдарламасы аясында оны ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов қабылдады және Премьер-Министрдің орынбасары – ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Астана мен Берлиннің тығыз саяси және экономикалық әріптестігін нығайту перспективалары туралы келіссөздер жүргізді.

ҚР СІМ-де өткен кездесу барысында тараптар экономикалық ынтымақтастық жағдайынан және ағымдағы жылдың алғашқы сегіз айында 1,7 млрд. еуроға жеткен тауар айналымын одан әрі ұлғайту перспективаларынан бастап, Қазақстан өңірлерінде ЖЭК саласындағы Goldbeck Solar және Svevind неміс флагмандарымен бірлескен жобаларды іске асыруды ескере отырып, энергетика саласындағы кооперацияның жаңа түрлеріне дейін Қазақстан-Германия өзара іс-қимылдың барлық спектрі бойынша пікір алмасты.

Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары тығыз және сенімді диалогтың болуын, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар мәселелер бойынша ұстанымдардың ортақтығын атап өтті. Бейбітшілік пен келісім үшін халықаралық, этносаралық, дінаралық диалог құрудағы Қазақстанның рөлі атап өтілді.

Астана мен Берлиннің көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, энергетика және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық саласындағы сындарлы өзара іс-қимылға мүдделілігіне ерекше назар аударылды. Қазақстан Германия мен Еуропаға пайдалы қазбаларды, тамақ өнеркәсібі өнімдерін, шикі мұнайды және басқа да энергоресурстарды жеткізу бойынша сенімді әріптес екенін атап өтіп, М. Тілеуберді қазақстандық тараптың неміс әріптестеріне ауқымды инвестициялар мен неміс технологияларының трансферіне айырбастау үшін ерекше артықшылықтар беруге дайын екендігін атап өтті.

Бірлескен баспасөз мәслихатында сөйлеген сөзінде А. Бербок Астанада Германияның сутегі дипломатиясы кеңсесінің ашылғанын жариялады. Германия СІМ қолдауымен GIZ Германия халықаралық ынтымақтастық қоғамының аясында құру жоспарланып отырған екіжақты энергетикалық өзара іс-қимылдың жаңа құрылымы тұрақты отын-энергетикалық циклды құру мәселелерінде екі елдің үкіметтік және сараптамалық топтары арасындағы практикалық өзара іс-қимылды жүйелеуге арналған.

Сапар аясында Германия СІМ басшысымен бірге жүретін неміс саяси және бизнес қайраткерлерінің, соның ішінде Lufthansa, Aurubis және Knauf сияқты ірі компаниялардың экономикалық құрылымдарының басшылары мен топ-менеджерлерінің ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Р. Склярмен, ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары О. Перепечинамен, ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Қазақстан-Германия» парламенттік достық тобының мүшелерімен және Энергетика, инфрақұрылымдық және индустриялық даму министрліктерінің басшылығымен және т.б. жеке кездесулері өтті.

Неміс тарапы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Әділ Қазақстанды" құру жөніндегі саясатымен, елде жүргізіліп жатқан ауқымды демократиялық реформалармен, сондай-ақ алдағы 20 қарашада өтетін президенттік сайлауды ашық және еркін түрде өткізуге бейілділігімен танысты. Неміс делегациясына инвестициялық ахуалды одан әрі жетілдіру және елімізбен "жасыл" энергетика, ауыл шаруашылығы және бәсекеге қабілетті көлік-логистикалық тізбектерді қалыптастыру салаларында өзара тиімді ынтымақтастық мүмкіндіктері жөнінде шаралар ұсынылды. Делегация құрамында ГФР-дың ресми және іскер топтарының 50-ге жуық өкілі келді, бұл ірі еуропалық экономиканың біздің республикамызбен және жалпы Орталық Азия өңірімен ынтымақтастықтың толық әлеуетін ашуға елеулі мүддесін айғақтайды.

Сапар аясында А. Бербоктың қатысуымен бірқатар кездесулер мен іс-шаралар өткізу, атап айтқанда, оның ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Э. Азимовамен және Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар кеңсесінің басшысы Ф. Фробартпен әңгімелесуі, «Алжир» мұражай-мемориалдық кешені мен «ЭКСПО-2017» көрме аумағында орналасқан "Нұр-Әлем" Болашақ энергиясы мұражайына бару жоспарлануда.

Биыл Қазақстан мен Германия бүгінгі күні стратегиялық серіктестіктің барлық салаларында үдемелі дамумен сипатталатын дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығын атап өтуде. Айта кетейік, соңғы онжылдықта біздің еліміздің үлесіне Орталық Азиядағы барлық тікелей неміс инвестицияларының шамамен 80%-ы тиесілі болды, олар негізінен денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және көлік логистикасын сапалы дамытуға бағытталған. 2005 жылдан бастап неміс компаниялары Қазақстанға 5,2 млрд. АҚШ долларын жұмсады, ҚР-да ГФР компанияларының қатысуымен 600 кәсіпорын жұмыс істейді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 2,2 млрд. АҚШ долларын құрап, пандемияға дейінгі көрсеткіштен 20-ға асты.

Перспективы укрепления тесного политического и экономического партнёрства обсудили главы МИД Казахстана и Германии (www.gov.kz)