• Мобильді үстемені жүктеу

Әлихан Смайылов инвестициялық штаб отырысын өткізді

 

Сенбі, 10 қыркүйек күні ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Үкіметтің Цифрлық кеңсесінде Инвестициялық штабтың кезекті отырысын өткізді, онда негізгі капиталға инвестициялар және тікелей шетелдік инвестицияларды тарту бойынша нысаналы индикаторларды орындау қарқыны, сондай-ақ басқа да бірқатар мәселелер қаралды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров ағымдағы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 6,9 трлн. теңгені құрағанын хабарлады. Жылжымайтын мүлікпен операциялар, тау-кен өнеркәсібі және мұнай өндіру, көлік және қоймалау, ауыл, орман және балық шаруашылығы, энергетика және өңдеу өнеркәсібі сияқты салалар бойынша айтарлықтай өсу байқалады.

Премьер-Министр биыл негізгі капиталға инвестициялар бойынша 4,5% деңгейінде оң динамика байқалып отырғанын, бұл ретте 12 өңір белгіленген нысаналы индикаторларды орындамағанын атап өтті. Ең төменгі көрсеткіштер Шымкент қаласы, Түркістан және Ұлытау облыстарында.

«Ірі компаниялар өндіріске инвестиция салып, жаңа жұмыс орындарын ашуға дайын. Олармен жұмыс істеу, инвестициялық келісім-шарттар жасасу, жаңа жобалар бойынша – салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік беру қажет. Облыстар мен мемлекеттік органдардың басшылығы бұл жұмысты жандандыруы қажет», - деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Өз кезегінде Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмаз Айдаров 2022 жылдың бірінші тоқсанында елімізге $ 6,8 млрд. тікелей шетелдік инвестиция тартылғанын баяндады.

Осы кезеңдегі инвестор елдердің алғашқы ондығына Нидерланды, АҚШ, Швейцария, Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Бельгия, Ұлыбритания, Франция және Түркия кірді.

Инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулы химия өнеркәсібі, ТКМК, энергетика, көлік және логистика, тамақ өнеркәсібі, туризм, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, мұнай-газ химиясы, ауыл шаруашылығы және т. б. салаларда 30,2 трлн. теңгеге 797 жобаны қамтиды.

Пул жобаларын толық іске асыру шамамен 130 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. 2022 жылы 24 мың жұмыс орнын құрумен 2,98 трлн. теңгеге 272 жобаны іске қосу жоспарланған.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта шетелдік компанияларды Қазақстанға көшіру жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, таргеттелетін 310 компанияның 51-і елімізде өндірісті оқшаулау бойынша келіссөздер жүргізуде. Олардың арасында Youngsan, EMAG, Carlsberg, Fortescue және т.б. бар. Canon, Kronospan, Alstom, Haier және т.б. компаниялар – алдын ала келіссөздер сатысында.

Премьер-Министр I тоқсанның қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестициялар ағынының 54% - ға оң серпіні тіркелгенін атап өтті.

«Сонымен қатар, қазір бірқатар инвесторлардың өз өндірістерін көшіру ниетімен байланысты бізде  мүмкіндіктер терезесі ашылуда. Министрлер мен әкімдер осы бағытта туындайтын мәселелерді жедел шешу үшін бар күш-жігерін салуы керек», - деді Әлихан Смайылов.

Отырысты қорытындылай келе, Премьер-Министр мемлекеттік органдар мен әкімдіктер барлық жоспарланған инвестициялық жобаларды іске қосу бойынша түбегейлі шаралар қабылдаы қажет екенін атап өтті.

«Инвестициялар бойынша жақсы серпін болуы үшін бізге қазір алдағы жылдарға берік негіз қалау қажет. Бұл жұмыс орындарын құру және экономикамызды әртараптандыру тұрғысынан өте маңызды. Тиісті жұмыстар әр өңірде жүргізілуі тиіс», - деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

 Алихан Смаилов провел заседание Инвестиционного штаба - Официальный информационный ресурс Премьер-Министра Республики Казахстан (primeminister.kz)