• Мобильді үстемені жүктеу

Indorama Corporation Қазақстанда өкілдік ашуды жоспарлап отыр

2022 жылғы 31 тамызда «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ қолдауымен Indorama Corporation сингапурлық компаниясының Қазақстанға сапары өтті. Indorama Corporation - Азиядағы азот және фосфор тыңайтқыштарын, сондай-ақ полиэтилен, полипропилен, полиэстер, тоқыма, мақта талшығы және медициналық қолғаптар өндіретін жетекші химиялық холдингтердің бірі.

Сапар аясында Indorama өкілдері мемлекеттік органдардың басшыларымен және квазимемлекеттік сектор субъектілерімен кездесті. Кездесу барысында компания жобаларын іске асыру мәселелері талқыланды. Indorama Қазақстанда фосфорлы тыңайтқыштар өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр. Жобаны 2022-2031 жылдар аралығында үш кезеңде іске асыру жоспарлануда.

Жобаның бірінші кезеңінде фосфорит кенін өндіруді және қарапайым суперфосфат өндіруді жолға қою жоспарлануда. Бірінші кезеңдегі инвестициялар сомасы шамамен $100 млн құрайды. Табысты іске асырылған жағдайда екінші және үшінші кезеңдегі инвестициялар көлемі $1 млрд-тан асуы мүмкін. Үш кезеңді имплементациялау кезінде 1300-ден астам жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда.

Indorama Corporation директоры және басқарма мүшесі Пракаш Кеджривал «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповпен кездесуде компания Қазақстанға инвестициялау мүмкіндігін бұрыннан қарастырып келе жатқанын атап өтті.

«Біздің компанияның әлемнің 37 елінде 154 өндірістік алаңы бар. Осындай мол тәжірибеге ие бола отырып, біз Қазақстанда жобаларды әзірлеуді мүмкіндігінше тезірек бастауды жоспарлап отырмыз. Сіздің еліңіздегі оң өзгерістерді бақылай отырып, біз бұрын әзірленген, бірақ әртүрлі себептер бойынша қалдырылған объектілерді сатып алу, сондай-ақ жаңа кен орындарын игеру бойынша ұзақ мерзімді жобаларды жоспарлай аламыз. «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ көмегінің арқасында біз қазақстандық нарыққа шындап және ұзақ уақытқа кіруді жоспарлап отырмыз», - деді Пракаш Кеджривал.

Өз кезегінде Мейіржан Юсупов мемлекет тарапынан мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып, елдер арасындағы ұзақ мерзімді және нәтижелі ынтымақтастыққа сенім білдірді.

«Соңғы рет екі апта бұрын Сингапурде сөйлестік. Кездесу ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің жұмыс сапары аясында өтті. Осындай қысқа мерзімде кезекті кездесуді ұйымдастырғанымыз қуантады. Бірлескен жобаларды іске асыруды жедел қарқынмен бастаймыз деп үміттенемін», - деп түйіндеді Мейіржан Юсупов.

Сапар қорытындысы бойынша сингапурлық компанияның басшылығы Қазақстанда өз өкілдігін ашу туралы шешім қабылдады.

https://invest.gov.kz/ru/media-center/press-releases/indorama-corporation-planiruet-otkryt-predstavitelstvo-v-kazakhstane/