• Мобильді үстемені жүктеу

Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар шетелдік инвесторлар үшін кең мүмкіндіктер туғызады - Әлихан Смайылов

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысын өткізді, оның шеңберінде тұрақты жұмыс топтарының қызметі туралы есептер, Кеңестің 34-ші пленарлық отырысына дайындық барысы, сондай-ақ инвесторлардың Қазақстанда бизнес жүргізу жөніндегі өзекті мәселелері қаралды.

Отырысты ашқан ҚР Премьер-Министрі қазіргі уақытта Үкімет шетелдік инвестициялар ағынын сақтау және ұлғайту бойынша кешенді шаралар қабылдап жатқанын атап өтті.

Өткен жылы ҚР-да $3,6 млрд. сомасына 44 жаңа инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Бүгінгі күні $55 млрд. сомасына қолданыстағы және әлеуетті 700-ден астам жобаның пулы қосымша пысықталды

Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын одан әрі арттыру үшін Үкімет Инвестициялық саясаттың 2026 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасын әзірледі.

«Жаһандық трендтерді ескере отырып, жоғары қайта өңдеу өнеркәсібіне, агроөнеркәсіптік кешенге, фармацевтикаға, көлік-логистикалық инфрақұрылымға және басқа да салаларға инвестициялар тарту бойынша жұмыс жалғастырылатын болады», - деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы сондай-ақ бүгін Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы аясында мәлімдеген демократиялық және әлеуметтік-экономикалық қайта құру жолымен Қазақстан өз тарихының жаңа парағын ашатынын атап өтті.

Ол қоғам өмірінің барлық салаларын қамтиды және заң шығару институтын нығайтуға, адал бәсекелестікті күшейту, жеке меншікті қорғау, экономиканы монополиясыздандыру арқылы экономиканы сапалы жаңғыртуға бағытталған.

«Бұл шаралардың барлығы шетелдік инвесторлар үшін кең экономикалық мүмкіндіктер туғызады. Осы тұрғыда Қазақстан біздің елімізге адал еңбек етіп, табыс табуға келгендердің барлығы үшін сенімді инвестициялық әріптес болып қала беретінін тағы да атап өткім келеді», - деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Отырыста Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Энергетика министрі Болат Ақшолақов, «Самұрық – Қазына» қорының Басқарма Төрағасы Алмасадам Сәтқалиев және т.б. баяндама жасады.

Шетелдік инвесторлар тарапынан «Қазақстандық Шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының Басқарма Төрағасы, «EY» компаниясының басқарушы серіктесі Ерлан Досымбеков, ҚР-дағы «ТотальЭнерджис» басшысы Алем Фрига-Ной, «КНАУФ» компаниясының өкілі Димитри Пропп, «KPMG» басқарушы серіктесі Сәкен Жұмашев, Ресей мен ТМД-дағы «GE» президенті Бела Ференци, «Филип Моррис Интернэшнл» Басқарушы директоры Хуан Эскобар және т.б. сөз сөйледі.

Атап айтқанда, отырыс барысында өткен кезеңде Кеңестің барлық жауапты мемлекеттік органдары мен ұйымдары, шетелдік компаниялар Кеңестің 33-ші пленарлық отырысының хаттамалық тапсырмаларын орындау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдағаны атап өтілді.

Бұл ретте қоршаған ортаны және су ресурстарын қорғау, жаңартылатын энергия көздеріне көшу және экономиканы декарбонизациялау болашаққа маңызды стратегиялық мақсаттарға айналады, Кеңестің 34-ші пленарлық отырысы осыған арналады.

Отырысты қорытындылай келе, ҚР Премьер-Министрі Кеңес аясында үлкен жұмыс жүргізілгенін атап өтті. Айтылған ұсыныстар мен ұсынымдарды Үкімет егжей-тегжейлі пысықтайтын болады.

«Шетелдік инвесторлардың барлық ұсыныстары мен ұсынымдарын, сондай-ақ олардың Қазақстан аумағындағы инвестициялық қызметіне байланысты туындайтын мәселелерді талқылауға дайын екенімізді тағы да атап өткім келеді», - деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

https://invest.gov.kz/ru/media-center/press-releases/provodimye-v-kazakhstane-reformy-sozdadut-shirokie-vozmozhnosti-dlya-inostrannykh-investorov-alikhan/