Германия Қазақстан экономикасына $5,5 млрд жуық инвестиция салды
17 жыл ішінде Германияның Қазақстан экономикасына салған тікелей инвестициясының көлемі 5 млрд. АҚШ долларынан асты. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр мәлімдеді.
«2005 жылдан бастап Германияның біздің экономикаға тікелей инвестицияларының көлемі шамамен 5,5 млрд. АҚШ долларын құрады. Олардың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібіне бағытталған», - деді Роман Скляр Нұр-Сұлтандағы Қазақстан-Германия бизнес-форумы барысында.
Вице-премьердің айтуынша, пандемиядан туындаған шектеулер жағдайында Қазақстан мен Германия екіжақты экономикалық ынтымақтастықты дамыту үрдісін сақтап қана қоймай, онлайн-форматты пайдалана отырып, нақты жобалар мен ұсыныстарды ілгерілетуді жалғастыра алды. Вице-премьер бүгінгі таңда ГФР Қазақстанның маңызды серіктестерінің бірі болып табылатынын атап өтті. Оның айтуынша, екі ел арасында сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге, инвестицияларды көтермелеу мен өзара қорғауға бағытталған бірқатар үкіметаралық келісімдер жұмыс істейді.
«Біздің елдеріміздің ынтымақтастығы табысты дамып келеді, бұны Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 және 2020 жылдары Германияға жасаған екі сапарынан кейін жаңа серпін алған өзара қарым-қатынас динамикасы көрсетеді. Бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде туындайтын мәселелер мен проблемаларды шешуге арналған үкіметтік жұмыс тобы құрылды», – деп толықтырды Роман Скляр. Сондай-ақ, оның айтуынша, германиялық компаниялармен ағымдағы ынтымақтастық мәселелерін талқылау үшін ай сайынғы негізде кездесулер, оның ішінде онлайн-форматта да өткізіледі.
https://www.gov.kz/memleket/entities/invest/press/news/details/371029?lang=ru