Катардың іскер топтары Қазақстанда бірқатар ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүдделі
«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Катар Мемлекетіне сапары аясында қазақстандық делегация құрамында Доха қаласында өткен XX Халықаралық форумның жұмысына қатысты.
Биыл әлемнің түкпір-түкпірінен 600-ден астам делегацияның өкілдері, соның ішінде Үкімет, сыртқы саяси ведомстволар Басшылары, халықаралық ұйымдар мен әлемдік сарапшылар қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ саясаткерлер мен бизнесмендер жаңа дәуірге арналған трансформация тақырыбында пікір алмасып, пікір алмасты. Сонымен қатар, геосаяси альянстар мен халықаралық келісімдер, қаржы жүйесі мен экономикалық даму, кибернетикалық және азық-түлік қауіпсіздігі, сондай-ақ тұрақты даму мен климаттық өзгерістер сияқты маңызды бағыттар талқыланды.
Форум аясында Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы Катар Мемлекетінің Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл-Танимен екіжақты келіссөздер өткізді. Тараптар соңғы бірнеше жылда екіжақты ынтымақтастықтың жанданғанын атап өтіп, Қазақстан-Катар өзара іс-қимылының ағымдағы жай-күйі мен одан әрі даму перспективаларын, атап айтқанда, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуды талқылады.
Мұхтар Тілеуберді атап өткендей, «Катар - Қазақстанның араб әлеміндегі маңызды саяси және экономикалық серіктесі. Елдеріміз арасында жоғары саяси деңгейде ашық және сенімді диалог орнаған. Бірлескен күш-жігерімізбен ынтымақтастығымызды дамытудың сапалы жаңа сатысына көтеретінімізге сенімдіміз».
Бірлескен инвестициялық қор құру және тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және туризм саласындағы бірқатар ірі инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері, сондай-ақ мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберіндегі жобалар Мұхтар Тілеуберді бастаған қазақстандық делегация өкілдерінің «Qatar Investment Authority» Катар инвестициялық қорының Басқарма Төрағасы Мансұр Әл-Махмудпен, Катар бизнесмендері қауымдастығының төрағасы, «Faisal Holding» басшысы Шейх Фейсал бен Касим Әл-Тани және «Power International Holding» Басқарма төрағасы Мутаз Әл-Хайятпен кездесулер барысында талқыланды.
Сондай-ақ, ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев пен «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Мейіржан Юсупов сапар аясында катарлық компаниялардың басшыларымен бірқатар кездесулер өткізді. Мейіржан Юсупов Катардағы серіктестерге Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы туралы егжей-тегжейлі айтып берді және ауыл шаруашылығы, құрылыс, туризм және т.б. салалардағы инвестициялық ынтымақтастық жобаларын іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Атап айтқанда, Мубарак Рашид Әл-Сахутимен («HassadFood» компаниясы) және оның «Widam Food» еншілес компаниясының басшысы Альнубаи Әл-Марримен кездесуде стратегиялық орналасуы, тұрақты саяси жүйесі және ауыл шаруашылығы секторындағы айрықша әлеуеті бар Қазақстан Катар азық-түлік нарығы үшін сенімді жеткізуші рөлін атқара алатындығы атап өтілді. «Widam Food Company» компаниясы жоғары сапалы етті көтерме жеткізуші және өндіруші бола отырып, жеткізілім тізбегін көп деңгейлі жоспарлау, ауыл шаруашылығына жаһандық инвестициялар, жергілікті өндірісті қолдау және стратегиялық халықаралық серіктестік арқылы бүкіл әлемнің ет жеткізілімін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Катар мен Қазақстан арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың өзекті мәселелері «Al-Fardan group» холдингінің Бас директоры Омар Хуссайн Әл-Фарданмен келіссөздер барысында талқыланды. Бұл холдинг құрылыс, автомобиль жасау, қонақ үй бизнесі, теңіз және инвестициялық салалардағы кәсіпорындарды қамтиды.
«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басшысы Мейіржан Юсупов Қазақстанның ірі шетелдік инвесторлар үшін жоғары тартымдылығын сақтап отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, ол Қазақстан Катармен инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетуге үміт артып отырғанын және болашақ жобалар аясында одан әрі жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.