13,3 трлн теңге сомасына 444 импорт алмастыру жобасы инвестициялық жобалар пулына кірді
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау жөніндегі кезекті кеңес және Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимыл жоспары шеңберінде импортты алмастыруды дамытудың өзекті мәселелері қаралды.
19 наурызда Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Нұр-Сұлтанда Мемлекет Басшысының тапсырмаларын және ҚР-дағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимыл жоспарын орындау бойынша кезекті кеңес өтті.
Статистикаға сәйкес, өткен жылғы жедел қорытынды деректер бойынша Қазақстанға $38,3 млрд. сомасына өңдеу өнеркәсібінің өнімдері импортталды.
Машина жасау ($16,4 млрд), химия өнеркәсібі ($3,2 млрд), қара металлургия ($2,4 млрд), жеңіл өнеркәсіп ($2,2 млрд), құрылыс материалдары ($1,4 млрд), түсті металлургия ($679 млн) өнімдері үлкен көлемде жеткізіледі.
ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында ҚР мемлекеттік органдары отандық өңдеу өнеркәсібіне терең талдау жүргізді, нәтижесінде елеулі әлеует анықталды, салалар бөлінісінде бәсекелестік артықшылықтар, сондай-ақ өнеркәсіпті одан әрі дамытудың әлеуетті тауашалары айқындалды.
Қазіргі уақытта жүргізілген талдау негізінде Импортты алмастыру бағдарламасының жобасы әзірленді, оның негізгі мақсаты — импортты қысқарту, экспорттық артықшылықтарды және отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
Пысықтау қорытындысы бойынша облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларының әкімдіктерімен өңдеу өнеркәсібі салаларында инвестициялық жобалар пулы қалыптастырылды. Тізбеге 88 мың жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру әлеуетімен жалпы сомасы 13,3 трлн теңгеге 444 импорт алмастыру жобасы кірді.
Ағымдағы жылы Индустрияландыру картасы шеңберінде Қазақстанның өңірлері 10,8 мың жаңа тұрақты жұмыс орындарын құра отырып, жалпы сомасы 1,4 трлн теңгеге 90 жобаны іске қосуды жоспарлап отыр.
Импортты алмастыру мәселелерін қарау қорытындылары бойынша отырыста төрағалық еткен ҚР Премьер-Министрі бір ай ішінде өңірлер бөлінісінде Импортты алмастыру бағдарламасын әзірлеп, бекітуді тапсырды.
«Бүгінде бұл мәселе әлемде қалыптасқан геополитикалық жағдайға байланысты аса өзекті. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты жандандырып, импортты алмастыратын жобаларды іске асыру үшін инвестициялар тарту қажет», - деді Әлихан Смайылов.