KAZAKH INVEST Ляонин провинциясының инвесторларымен ынтымақтастық орнатуда
ҚХР-дағы «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ өкілдері Ляонин провинциясының ірі компаниялары үшін Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерінің тұсаукесерін өткізді. Іс-шараға Ляонин провинциясы мен Далянь қаласының Сыртқы істер басқармасының басшылары, Чансин аралының Экономикалық және Технологиялық Дамуы Далянь Аймағының Басқарушы комитетінің директоры Го Чанмин, сондай-ақ, «Hengli Petrochemical (Dalian) Chemical» компаниясының басшылығы қатысты.
Онлайн кездесу аясында Ляонин провинциясы Халық үкіметі сыртқы істер басқармасының басшысы Луо Ли провинцияның Қазақстан Республикасы мен өңірдің кәсіпорындары арасында өзара тиімді инвестициялық ынтымақтастықты орнатуға мүдделілігін білдірді.
Ляонин провинциясының жетекші кәсіпорындарының бірінің басшысы «Hengli Petrochemical (Dalian) Chemical» Бас директоры Сюй Цзинь компанияның қызметін таныстырды, сондай-ақ, қазақстандық компаниялармен мұнай-химия және тоқыма өнеркәсібі саласында инвестициялық ынтымақтастықты жолға қою мүмкіндігін бірлесіп зерттеуге мүдделілігін білдірді.
Чансин аралының Экономикалық және Технологиялық Дамуы Далянь Аймағының Басқарушы комитетінің директоры Го Чанмин арнайы экономикалық аймақтың қызметімен таныстырып, қазақстандық экономикалық аймақтармен ынтымақтастықты жолға қоюға мүдделілігін білдірді.
Өз кезегінде, ҚХР-дағы KAZAKH INVEST Бас өкілі Қуаныш Амантай еліміздің инвестициялық мүмкіндіктерінің тұсаукесерін жасап, Қазақстандағы шетелдік инвесторларды мемлекеттік қолдау шаралары туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Өз сөзінде спикер химия және мұнай химиясы саласындағы инвестициялық жобаларды дамыту ҚР экономикасының басым бағыттарының бірі болып табылатынын атап өтті.
Іс-шара қорытындысы бойынша «Hengli Petrochemical (Dalian) Chemical» компаниясымен ҚР-дағы нақты инвестициялық жобалар бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылау, Ляонин провинциясының басқа компанияларымен ынтымақтастықты жолға қою, сондай-ақ, KAZAKH INVEST-тің «Қытай мен Орталық Азия ынтымақтастығының 9-шы форумына» қатысуы үшін қосымша кездесулер өткізу туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Анықтама: Ляонин провинциясы - Солтүстік-Шығыс Қытайдың ірі өнеркәсіптік орталығы болып табылады, өңірде болат, алюминий, химиялық және мұнай-химия өнімдері, автомобильдер, автобустар, ұшақтар, локомотивтер, кемелер, электроника, электротехника, өнеркәсіптік жабдықтар, дәрі-дәрмектер, дайын киім, тоқыма, тамақ және құрылыс материалдары өндіріледі. Провинцияда теңіз, теміржол және авиакөлік, қаржы секторы, энергетика, бөлшек сауда, логистика, туризм, телекоммуникация және ақпараттық технологиялар дамыған.
Ляонин провинциясында «Fortune Global 500» және «Forbes Global 2000» тізіміндегі ірі компаниялар, соның ішінде «Ansteel Group» және «China Zhongwang Holdings» (металлургия), «Hengli Petrochemical» (мұнай химиясы), «Bank of Jinzhou» және «Shengjing Bank» (қаржылық қызметтер) орналасқан.
Сондай-ақ, провинцияда «Brilliance China Auto», «BMW Brilliance», «Polarsun Automobile», «SG Automotive» және «Huanghai Bus» (автомобиль жасау), «Shenyang Aircraft Corporation» (авиақұрылыс), «CRRC Dalian» (локомотивтер өндірісі), «Dalian Shipbuilding Industry Company» және «Bohai Shipbuilding» (кеме жасау), «China Hualu Group» (электроника өндірісі), «Benxi Steel Group», «Dongbei Special Steel» және «Fushun Special Steel» (металлургия), «Fushun Petrochemical» (мұнай химиясы), «China Bio-Immunity Corporation» (фармацевтика), «Dayang Group» (киім өндірісі), «Hanwei Group» (тамақ өнеркәсібі), «Siasun Robotics» (роботтар өндірісі), «Dashang Group» (бөлшек сауда), «Bank of Dalian» (қаржылық қызметтер), «Dalian Airlines» (авиатасымалдары), «Neusoft» және «Hi Soft» (бағдарламалық жасақтама) компанияларының штаб-пәтерлері орналасқан.