• Мобильді үстемені жүктеу

Қазақстан мен Түркияның сауда-экономикалық ынтымақтастығын дамыту Үкіметаралық комиссияның XII отырысында талқыланды

Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов пен Түркия вице-президенті Фуат Октайдың төрағалығымен Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Түркия үкіметаралық комиссиясының XII отырысы өтті. Отырыс барысында тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерінің кең ауқымын талқылады. Атап айтқанда, транзиттік-көлік саласындағы, өнеркәсіп, туризм, геология, lенсаулық сақтау және агроөнеркәсіптік кешен салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері қаралды. Сондай-ақ, екі ел арасындағы әуе жолдарының географиясын кеңейту және тұрақты рейстер санын арттыру қажеттілігіне назар аударылды.

Түркия Қазақстанның ең басым сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі болып табылады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 33% өсіп, $4,1 млрд. асты, ҚР Премьер-Министрі Қазақстан-Түркия әріптестігінің стратегиялық сипатын атап өтіп, 2021 жылы Қазақстаннан Түркияға экспорт 39% өсіп, $3 млрд жуықты құрағанын, 2021 жылы Түркиядан Қазақстанға импорт 20,5% өсіп, $1,1 млрд құрағанын атап өтті.

«Қазіргі жағдайда Қазақстанның транзиттік әлеуетін іске асыру үшін Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия, Түркия, Еуропа елдерінің аумақтары арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік маршруты (ТХКБ) үлкен мүмкіндіктер береді. Осы тұрғыда Ақтау және Құрық теңіз порттарын одан әрі Баку-Тбилиси-Карс теміржол желісі арқылы жүктерді жөнелтумен белсенді пайдалануды ұсынамыз», - деді Ә. Смайылов.

Өз кезегінде Түркияның вице-президенті Ф. Октай Түркия Республикасы Қазақстанмен барлық бағыттар бойынша екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін, бұл өзара тиімді әріптестікті дамытуға ықпал ететінін атап өтті. Отырыс аясында Экономикалық ынтымақтастық бойынша жан-жақты келіссөздер жүргізілді. Қазақстан тарапынан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі, Сауда және интеграция, Ұлттық экономика, сондай-ақ Денсаулық сақтау вице-министрлері қатысты. Түрік тарапынан Индустрия және технология, Сауда, көлік және инфрақұрылым, Денсаулық сақтау вице-министрлері қатысты. Талқылау қорытындысы бойынша ҮАК отырысының қорытынды хаттамасына қол қойылып, бірлескен жоспар қабылданды.

Ресми делегация мүшелері екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылау үшін екіжақты кездесулер өткізді.

https://primeminister.kz/ru/news/razvitie-torgovo-ekonomicheskogo-sotrudnichestva-kazahstana-i-turcii-obsudili-na-xii-zasedanii-mezhpravkomissii-422154