Тель-Авивте Қазақстандағы инвестициялық жобаларды іске асырудың мүмкіндіктері мен перспективалары туралы айтылды
Тель-Авив, 2022 жылғы 22 ақпан – Қазақстан Елшілігі «Израиль-Қазақстан» Сауда-өнеркәсіп палатасының қолдауымен СӨП мүшелері мен түрлі бизнес салаларының өкілдері болып табылатын израильдік компаниялар үшін дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Қазақстанның Израильдегі елшісі Сатыбалды Бұршақов өз сөзінде екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың перспективаларына назар аударды. Дипломат израильдік бизнесмендерді осы бағыттағы жұмысты жандандыруға шақыра отырып, қатысушыларды «қайғылы қаңтардан» кейінгі Қазақстандағы ахуалдың дамуы туралы егжей-тегжейлі хабардар етті. Осы тұрғыда ол израильдік іскер топтарды ҚР Үкіметі тарапынан шетелдік инвестицияларды қорғауға, ұлттық экономиканың ашықтығына және келісім-шарттарға қол сұғылмаушылыққа кепілдіктер беруге сендірді.
«Израиль-Қазақстан» СӨП Төрағасы Михаэль Роэ Қазақстандағы жағдайдың қалыпқа келуіне және «ашық есік» инвестициялық саясатының өзгермейтіндігін ескере отырып, қазақстандық тараптың инвестициялар саласындағы халықаралық міндеттемелерге адалдығына қанағаттанатынын білдірді.
Іс-шарада ҚР СІМ Инвестициялар комитеті Төрағасының орынбасары Ерлан Зейнешев пен «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясының Өңірлік директоры Алтынай Мұқанова сөз сөйлеп, қатысушыларды Қазақстанның негізгі экономикалық көрсеткіштерімен таныстырды және шетелдік инвесторларды қолдау шараларына және басым салаларды дамытуға ерекше назар аудара отырып, инвестициялық жобаларды Қазақстанда іске асырудың мүмкіндіктері мен перспективалары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Іс-шараға қатысушылар Қазақстан-Израиль ынтымақтастығының жай-күйі мен перспективаларын талқылап, ағымдағы жылы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай екіжақты байланыстарды дамытудың оң сипатын атап өтті.
Қазақстан мен Израиль арасындағы тауар айналымы 2021 жылы 264,4 млн. АҚШ долл.құрады (экспорт – 223,7 млн., импорт – 40,7 млн.). 2021 жылдың 9 айында ТШИ жалпы ағыны 5,3 млн. АҚШ. долл., ТШИ таза ағыны 4,3 млн. долл. құрады. ҚР-да Израильдік қатысумен 151 кәсіпорын тіркелген, оның ішінде 93 кәсіпорын жұмыс істеп тұр.
https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/region-news/details/7845?lang=ru