Қазақстан: инвесторлар үшін «ашық есік» саясатының іске асырылуы
Нұр-Сұлтан, 2022 жылғы 22 ақпан – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен онлайн режимде Шетелдік инвесторлар кеңесінің (ШИК) жұмыс кездесуі өтті. Іс-шараға трансұлттық компаниялардың жаһандық басшылары, халықаралық экономикалық және қаржы ұйымдарының өкілдері қатысты.
Отырысты ашқан Президент мемлекеттің өзінің халықаралық және ішкі міндеттемелері және серіктестер мен инвесторлар алдындағы кепілдіктерін толық көлемде орындайтынын растады. Қазақстанда қолайлы инвестициялық жағдай жасау жөніндегі жұмыс басым болып табылады және осыған байланысты ол Кеңес мүшелерін жүргізіліп жатқан реформаларға тікелей қатысуға шақырды.
Іс-шарада еліміздің экономикалық көрсеткіштерінің оң динамикасын көрсететін өзекті деректер ұсынылды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 4% өсті. Тұрақты өсу драйвері нақты сектор болды. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,8%, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 5,5% өсті. Шикізаттық емес секторлардағы жоғары инвестициялық белсенділік оң өзгерістердің шешуші факторына айналды.
2021 жылы шетелдің қатысуымен сомасы 3,6 млрд. АҚШ долларын құрайтын 44 ірі инвестициялық жоба іске асырылып, пайдалануға берілді. 7,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Бұл ретте, жобалардың ең көп саны машина жасау – 8 жоба, жаңартылатын энергетика – 8, ТМК және металлургия – 6, агроөнеркәсіптік кешен – 5 жоба болды.
2021 жылдың алғашқы 9 айында тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 50% дерлік артып, 18,8 млрд. АҚШ долларына жетті.
Қазақстан өзінің егеменді қаржылық міндеттемелері бойынша дефолтқа жол берген жоқ және сенімді экономикалық серіктес болып табылады. Қазақстанның инвестициялық жағдайы қолайлы болып қалуда, мұны халықаралық рейтингтік агенттіктер мен ұйымдар растайды.
«Moody’s», «Fitch» және «Standard & Poor’s» жетекші рейтингтік агенттіктері 2021 жылы үкіметтің экономикалық өсуді қалпына келтіруді ынталандыру жөніндегі әрекеттерін жоғары бағалады және Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «тұрақты» болжаммен инвестициялық сенімділік деңгейінде растады.
Мемлекет басшысы Кеңестің осы көрсеткіштерге қол жеткізуге қосқан зор үлесін атап өтіп, инвесторларды одан әрі белсенді өзара тиімді ынтымақтастыққа шақырды.
Өз кезегінде Кеңес мүшелері біздің ел билігінің шетелдік инвестицияларды қорғау және барлық міндеттемелерді орындау бөлігінде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететініне сенім білдірді, жүргізіліп жатқан реформаларды қолдады, сондай-ақ бірқатар өз бастамаларын айтты.
Осылайша, Еуропалық қайта Құру және даму банкінің Вице-президенті Алан Пию Қазақстандағы инвестициялық жағдайды қалпына келтіру және жақсарту мүмкіндіктерін барынша кеңейтетін үш негізгі саланы ұсынды.
Біріншісі - мемлекеттік кәсіпорындарды реформалау, корпоративтік басқарудың жақсартылған шараларын, халықаралық сатып алу қағидаларын, одан әрі цифрландыруды енгізе отырып, Қазақстанның Даму Банкі мен «Самұрық-Қазынаны» қайта құрылымдау арқылы жеке сектордың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және экономиканы әртараптандыру.
Екіншісі - Қазақстанның жасыл экономикаға көшуін, көміртегі бейтараптылығын және климаттың өзгеру салдарына тұрақтылығын жеделдету.
Үшіншісі - жұмысқа орналасу мүмкіндіктері мен біліктілігіне қолжетімділікті кеңейту, қаржыға қолжетімділікті жақсарту және ішкі өңірлік теңсіздікті қысқарту есебінен жеке сектор арқылы өңірлік экономикалық интеграцияға жәрдемдесу.
«Сити групп» компаниясының Еуропа, Таяу Шығыс және Африка елдеріндегі бас атқарушы директоры Дэвид Ливингстон компанияның Қазақстанға стратегиялық және сенімді серіктес ретінде ниеттестігін сақтап отырғанын атап өтті.
«Ел алдында күрделі міндеттер тұр: Қазақстанға халықаралық инвестициялар деңгейін қолдау құқық үстемдігін, ашықтықты және мемлекеттік басқару қағидаттарының жиынтығын бұлжытпай қамтамасыз етуге сүйенетін болады. Біздің компаниямыздың 160 елдегі клиенттерге қызмет көрсететін жаһандық қаржы институты ретіндегі тәжірибесі осы ережелерге күшті және дәйекті назар аудару инвесторлардың сенімін қалыптастырудың және қолдаудың маңызды факторы екенін көрсетті. Еліміздегі ең ірі шетелдік инвесторлардың бірі бола отырып, біз институционалдық инвесторлар желісіне қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, бүкіл әлем бойынша Қазақстан тарихын жағымды жағынан таныстырамыз», - деді Д. Ливингстон.
«Chevron» корпорациясының өндіру мәселелері жөніндегі Атқарушы вице-президенті Джеймс Джонсон Қазақстан энергетикасының тартымдылығын арттырудың жаңа жолдары туралы айтып берді. Қазақстанның қолданыстағы келісім-шарттарға қол сұқпаушылық кепілдіктеріне бейілділігін және бәсекелі және болжамды инвестициялық жағдайлардың маңыздылығын мойындай отырып, ол осы шаралардың барлығы «Chevron» компаниясына ҚР-ға инвестиция салуды жалғастыруға және мұнай-газ саласының көміртекті сыйымдылығын төмендетуге, жаңа төмен көміртекті өнімдер мен шешімдерді дамытуға үлес қосуға көмектесетінін атап өтті.
Сонымен қатар, «Cameco» корпорациясының Бас басқарушы директоры және президенті Тим Гитцель «30 жылдық тәжірибеге сүйене отырып, Камеко бүгін де, болашақта да Қазақстанға инвестиция салудың табанды жақтаушысы болып қала беретінін» атап өтті. Қазақстандағы қызметі отыз жылға таяған компания бола отырып, жақында біз Қазақстан халқының күні мен төзімділігінің куәсі болдық. Біз Қазақстанды тұрақты инвестициялық ахуалы, шарттық құқықтарды сақтайтын және салық салудың теңдестірілген және болжамды режимі бар инвестициялау үшін қолайлы юрисдикция ретінде білеміз».
Ол сонымен қатар, «Cameco» компаниясы өндіріске, сондай-ақ Қазақстанда уранды қайта өңдеуге кейінгі инвестициялар арқылы «Қазатомөнеркәсіппен» ынтымақтастықты арттыру үшін ашық екенін атап өтті. Қауіпсіз, таза және сенімді ядролық энергияны өндіруге арналған отын ретінде уран алдағы жылдары өсіп келе жатқан сұранысқа ие болады, өйткені әлемде декарбонизация және тұрақты электрлендіру бойынша қадамдар жасалады.
https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/331633?lang=ru