Қазақстан швейцариялық инвесторларды қай секторларға тартуға ниетті
Швейцария бизнесі Қазақстанмен инвестициялық ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті. Бұл туралы инвесторлар Швейцарияның «Joint Chamber of Commerce» біріккен сауда палатасының қолдауымен ҚР Швейцариядағы Елшілігі ұйымдастырған «Recent Events, New Developments» онлайн-вебинары аясында хабарлады.
Іс-шараға Қазақстанның Швейцариядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әлібек Бақаев, ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Төрағасы Мейіржан Юсупов, Швейцария Біріккен сауда палатасының президенті Марсель Павличек, сондай-ақ швейцариялық бизнесінің 100-ден астам өкілдері қатысты.
Өзінің құттықтау сөзінде Марсель Павличек екі елдің инвестициялық ынтымақтастығының өзекті мәселелерін шешудегі тікелей коммуникациялардың маңыздылығын атап өтті. Өз кезегінде, ҚР Швейцариядағы Елшісі Әлібек Бақаев өзара қарым-қатынастардың ағымдағы мәртебесі туралы айтып, осы жылдың басында Қазақстанда болған оқиғалар туралы толық ақпаратты ұсынды.
Сонымен қатар, бейнеөтініш форматында Премьер-Министрдің орынбасары-Сауда және интеграция министрі, Қазақстан-Швейцария үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Бақыт Сұлтанов сөз сөйледі.
«Швейцария Қазақстан үшін бірқатар салаларда инвестор ретінде қызығушылық танытып отыр. Қазақстан Үкіметі бизнес-ахуалды және елдің инвестициялық тартымдылығын одан әрі жақсарту үшін барлық күш-жігерін жұмсауда. Біз байланыстарымызды дамытуды жалғастырамыз және сіздерді өзара тиімді ынтымақтастыққа шақырамыз», - делінген хабарламада.
ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ардақ Әбішев аудиторияны Қазақстанның негізгі инвестициялық көрсеткіштерімен таныстырды. Бұдан әрі, қазақстандық тараптың өзіне қабылдаған барлық міндеттемелерді орындау бойынша ниетін растай отырып, олардың өзара түсіністігіне назар аударды: «Инвесторлар үшін оңтайлы негіздемелік жағдайлар жасай отырып, біз озық технологияларды тарта отырып және тұрақты жұмыс орындарын құра отырып, инвестициялық жобалардың уақтылы іске асырылуына сенім артамыз».
Өз кезегінде, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Мейіржан Юсупов Швейцария Қазақстанның Еуропадағы маңызды экономикалық әріптесі болып табылатынын атап өтті. Оның айтуынша, елдер сенімге, өзара құрметке және ортақ басымдықтарға негізделген берік қатынастар орната алды. Бұл қатынастар жаһандық және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі сенімді серіктестікпен, қарқынды сауда ынтымақтастығымен, сондай-ақ саяси және тұлғааралық қатынастармен нығайтылды.
«2021 жыл Қазақстан мен Швейцария арасында жаңа инвестициялық жобаларды құру тұрғысынан өте нәтижелі болды. Өткен жылдың қараша айында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Женеваға сапары аясында ұйымдастырылған инвестициялық форум барысында $300 млн. астам сомаға 17 құжатқа қол қойылды. Олар іске асырудың әр түрлі сатыларында. Осылайша, қазіргі уақытта «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ пулында швейцариялық капиталдың қатысуымен жалпы сомасы $8,2 млрд. құрайтын 37 жоба бар. Сондай-ақ, азық-түлік өндірісі, көлік және логистика, машина жасау, фармацевтика өнеркәсібі, жасыл жобалар және т.б. салалардағы жобаларды іске асырудың үлкен перспективалары бар», - деді Мейіржан Юсупов.
Вебинар соңында «Q&А» сессиясы өтті, оның шеңберінде инвесторлар өздерін қызықтырған сұрақтар қойып, толыққанды жауаптар алды. Айта кету керек, бизнесмендер көбінесе визасыз режимді қалпына келтіру, тар бағытты шетелдік мамандарды тарту, бірлескен кәсіпорындар құру және қазақстандық серіктестермен өзара іс-қимыл рәсімдері мәселелері бойынша қызығушылық танытты.
Анықтама: Қазақстан экономикасына тікелей инвестициялар көлемі бойынша Швейцария Нидерланды мен АҚШ-тан кейін үшінші орынды алады (2021 ж. 9 айда 1,9 млрд. АҚШ долл.). 2005 жылдан бастап Қазақстан экономикасына Швейцарияның тікелей шетелдік инвестицияларының жиынтық көлемі 29 млрд. АҚШ долл. асты. Қазақстанда Швейцарияның 300 компаниясы мен бірлескен кәсіпорындары белсенді жұмыс істейді.