• Мобильді үстемені жүктеу

Жапония Қазақстанға инвестиция салудың жаңа бағыттарын қарастыруда

Қазақстан мен Жапонияның инвестициялық ынтымақтастығының перспективалары Ұлттық апта аясында «CAVEХ II» виртуалды көрмесінде талқыланды. Ресеймен және жаңа тәуелсіз мемлекеттермен сауда жөніндегі жапон қауымдастығы (РОТОБО) ұйымдастырған іс-шараға ҚР Жапониядағы Елшілігінің, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ, АХҚО, «АЕО» АҚ, «СК-Фармация» ЖШС, «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ, «Медсервис Плюс» Қазақ фармацевтикалық компаниясы» ЖШС өкілдері, сондай-ақ екі елдің бизнесінің өкілдері қатысты. Мақсаты - Жапония мен Орталық Азия елдері арасында бизнесті дамыту және сауда мен инвестицияларды ынталандыру.

Алғы сөзбен РОТОБО Экономика жөніндегі ҒЗИ директоры Мики Ваджима сөз сөйледі. Спикер Қазақстанның инвестициялық климатын жақсарту бойынша шараларды және қабылданып жатқан экономикалық реформаларды жоғары бағалады, сондай-ақ екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығын кеңейтуге қолдау білдірді.  

Өз кезегінде, Жапония-Қазақстан экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комитетінің төрағасы Ичиро Такахара Жапон бизнесінің Қазақстанда инвестициялық жобаларды іске асыруға әлі де мүдделі екенін атап өтті.

«Қазақстан мен Жапония арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытудың маңызды құрамдас бөлігі экономиканың жаңа салаларында ынтымақтастықты белсенді ілгерілету болып табылады. Халықаралық жағдай күрделі және құбылмалы, бірақ Жапонияның іскерлік орталары Қазақстанмен ынтымақтастық мүмкіндіктерін тұрақты, үлкен сеніммен  және қызығушылықпен бақылап отырады», - деп атап өтті Ичиро Такахара.

Өз сөзінде «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Жандос Темірғали Жапония Қазақстанның Азиядағы негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі болып табылатынын және Қазақстанға инвестиция салушы топ 10 елдің қатарына кіретінін хабарлады. Сонымен қатар, спикер қатысушыларды Қазақстанның инвестициялық әлеуетімен, инвесторларды мемлекеттік қолдау шараларымен және «KAZAKH INVEST» қызметімен таныстырды. 

«Мемлекет басшысының жаңа экономикалық бағыты аясында Қазақстанның инвестициялық саясатының жаңа тұжырымдамасы әзірленуде. Халықаралық инвесторлардың күтуімен байланысты экономиканың бірқатар маңызды құрылымдық реформаларын жүргізу жоспарлануда. Сапалы жұмыс орындарын құру және жергілікті мамандардың біліктілігін арттыру бойынша бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі ерекше маңызға ие. Қазақстанды экономиканың өңдеуші және жаңа секторларын дамыту жөніндегі жапондық әріптестердің тәжірибесі қызықтырады, атап айтқанда, әңгіме «ақылды» машина жасау, қатты пайдалы қазбаларды қайта өңдеу, фармацевтика, ақпараттық технологиялар және «жасыл» энергетика туралы. Өз кезегінде KAZAKHINVEST Қазақстанға инвестиция салуға мүдделі жапондық компанияларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын», - деп атап өтті Жандос Темірғали.

Екі күндік іс-шара аясында «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметі, шетелдік инвесторлардың мемлекеттік активтерді жекешелендіруге қатысу мүмкіндіктері, «Astana Hub» базасында IT жобаларды іске асыру, «СК-Фармация» ЖШС және қазақстандық медициналық жабдықтарды өндірушілермен бірлесіп фармацевтика мен денсаулық сақтауды дамыту мүмкіндіктері, сондай-ақ «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ-ның жәрдемдесуімен металлургия саласындағы ынтымақтастық перспективалары таныстырылды.

 https://invest.gov.kz/ru/media-center/press-releases/yaponiya-rassmatrivaet-novye-napravleniya-dlya-investirovaniya-v-kazakhstan/