Ә. Смайылов Инвестштаб отырысын өткізді
ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Инвестициялық штаб отырысында инвестициялар тарту жөніндегі 2021 жылғы нысаналы индикаторлардың орындалу қорытындылары және 2022 жылға арналған жоспарлар қаралды.
2021 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 13,2 трлн теңгені құрады, бұл 2020 жылдың көрсеткішінен 7,3% артық. Экономиканың шикізаттық емес секторлары инвестициялар өсімінің негізгі локомотивтеріне айналды. Осылайша, инвестициялардың нақты көлемінің индекстері өңдеу өнеркәсібінде 1,4 есе, құрылыста 1,2 есе, ауыл шаруашылығында 1,3 есе өсті.
Өңдеу өнеркәсібінде неғұрлым жоғары өсу көрсеткіштеріне металлургияда (+27%), тоқыма өндірісінде (+28%), фармацевтикада (+39%), химия өнеркәсібінде (+55%), минералдық өнімдерде (+100%) қол жеткізілді.
Негізгі капиталға инвестициялар тарту бойынша жылдық жоспар республика бойынша 94% орындалды. Нысаналы көрсеткіштер Шымкент қаласында (115,5%), Ақтөбе (101,8%) және Қостанай (101,3%) облыстарында асыра орындалды. Аздап қол жеткізбеу Қарағанды облысында (99,9%), Алматы қаласында (99,8%), Атырау (99,1%), Жамбыл (97,4%), Павлодар (96,2%) облыстарында, Нұр-сұлтан қаласында (96,1%) байқалады. Жоспардың орындалмауы Шығыс Қазақстан (92,1%), Маңғыстау (90,8%), Алматы (89,7%), Ақмола (89,4%), Түркістан (82,5%) және Солтүстік Қазақстан (80,4%) облыстарында тіркелді.
Ең нашар көрсеткіштер Батыс Қазақстан (69,6%) және Қызылорда (66,4%) облыстарында байқалады. Осы екі өңір әкімдерінің орынбасарлары Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша тәртіптік жауапкершілікке тартылатын болады.
2021 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ҚР экономикасына тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 49% артып, $18,7 млрд құрады. Іс жүзінде барлық негізгі инвестор елдер бойынша Қазақстан экономикасына капитал ағынының өсуі байқалуда. Инвестор-мемлекеттердің топ-10 қатарына Нидерланды, АҚШ, Швейцария, ҚХР, Ресей, Ұлыбритания, Бельгия, Түркия, Оңтүстік Корея және Франция кірді.
«Артта қалған өңірлер белгіленген KPI қатаң сақтау қажеттігіне назар аударуы керек. Әкімдер нысаналы индикаторларға қол жеткізбегені үшін дербес жауапты болады. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту бойынша жұмысты жүйелі негізде жалғастырсын», - деді Ә. Смайылов.
https://primeminister.kz/ru/news/a-smailov-provel-zasedanie-investshtaba-21630