Қазақстанның инвестициялық және сауда мүмкіндіктері Бразилиялық іскер топтар үшін таныстырылды
Бразилиа, 2021 жылғы 24 қараша – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаровтың Бразилия Федеративтік Республикасына жұмыс сапары шеңберінде "KAZAKH INVEST" ҰК" АҚ өкілі Ғалымжан Матаев пен "Бразилия-Қазақстан" Сауда-Өнеркәсіп палатасының президенті Кассиано Перейра Виананың қатысуымен жергілікті іскерлік адамдар үшін Қазақстанның инвестициялық және сауда мүмкіндіктерінің таныстырылымы өтті.
Іс-шараны аша отырып, Қазақстан Елшісі Болат Нүсіпов жиналғандарды Қазақстанның Бразилиямен экономикалық өзара іс-қимылының ағымдағы жай-күйі мен перспективаларымен таныстырып, тау-кен өндіру өнеркәсібі және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ынтымақтастықтың бар қызығушылығына назар аударды.
Өз кезегінде, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров Қазақстанның сауда-экономикалық және инвестициялық әлеуетіне, сондай-ақ Үкіметтің екіжақты ынтымақтастықты тереңдету және кеңейту жөніндегі шараларына, атап айтқанда, ағымдағы жылы құрылған "QazIndustry" Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының және Бразилия ұлттық өнеркәсіптік конфедерациясының (CNI) және сауда және экономика жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының төрағалығымен Қазақстан-Бразилия іскерлік комитетінің шеңберінде егжей-тегжейлі тоқталды.
Іс-шара барысында "KAZAKH INVEST" ҰК" АҚ өкілі Ғалымжан Матаев Қазақстанның инвестициялық саясаты, инвестициялық климатты жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар және әлеуетті инвесторлар үшін қолдаудың жаңа құралдары туралы егжей-тегжейлі айтып берді, сондай-ақ бразилиялық компаниялар үшін инвестициялық ұсыныстарды ұсынды.
Іс-шара соңында "Бразилия-Қазақстан" Сауда-Өнеркәсіп палатасының президенті Кассиано Перейра Виана соңғы жылдардағы екіжақты саудаға егжей-тегжейлі тоқталып, еліміздің сауда және транзиттік әлеуетін, сондай-ақ жергілікті нарыққа экспорттауға арналған қазақстандық өнімдердің перспективалы тауар топтарын таныстырды.
Іс-шараға тау-кен өнеркәсібі, энергетика, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіптік өндіріс сияқты экономика секторларында жұмыс істейтін 30-дан астам Бразилиялық компаниялардың өкілдері қатысты.
Іс-шара аясында Алмас Айдаровтың өнеркәсіптік электр жабдықтарын өндіру саласындағы жетекші Бразилиялық "WEG"компаниясының басшылығымен екі жақты кездесуі өтті. Тараптар компанияның Қазақстандағы қызметін, сондай-ақ оны кеңейту мүмкіндігін, оның ішінде сервистік хабты іске қосу және электр жабдықтарын шығаратын зауытты оқшаулау арқылы талқылады.
Сондай-ақ, Алмас Айдаров 50-ден астам компанияның активтерін басқаратын "GM Venture" компаниясының Бас директоры болып табылатын Оңтүстік Американың экономикалық орталығы – Сан-Паулу штатындағы ҚР Құрметті консулына кандидат Грациано Мессанамен келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында ҚР-да инвестициялық және сауда жобаларын іске асыру бойынша тиісті нұсқаулық берілді.