• Мобильді үстемені жүктеу

А. Мамин Венгрия Премьер-Министрінің орынбасары М. Варгамен екі елдің ынтымақтастығын кеңейту беталысын талқылады

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Қазақстанға Қазақстан – Венгрия стратегиялық кеңесінің V отырысына және қазақстандық бизнес- форумға қатысу үшін келген Венгрия Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Михай Варганы қабылдады.

Тараптар сауда-экономикалық, қаржы-банктік, инвестициялық, көлік-логистикалық, ауыл шаруашылығы, АӨК, ТМК, жаңартылатын энергетика, фармацевтика, білім беру және басқа да салалардағы ынтымақтастықтың жай-күйі мен даму беталысын талқылады.

Үкімет басшысы екі елдің ұлттық экономикаларын қалпына келтірудің жоғары қарқыны жағдайында Қазақстанның Венгриямен сауда-экономикалық қатынастары мен инвестициялық ынтымақтастығының даму әлеуетін атап өтті.

Қазақстан-Венгрия бизнес-форумы шеңберінде медициналық туризм, агроөнеркәсіптік кешен, жаңартылатын энергетика, көлік және логистика, қаржы салаларында бірлескен жобаларды іске асыру бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Келіссөздер барысында "Астана" халықаралық қаржы орталығы алаңындағы ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта АХҚО-да Венгрия Банкінің "EXIM" өкілдігі жұмыс істейді, басқа да Венгр қаржы-банк құрылымдарымен өзара іс-қимылды кеңейту жоспарлануда.

Венгрия экономикасы орталық және шығыс еуропа аймағындағы ең дамыған экономикалардың бірі болып табылады. Еуропалық комиссияның болжамдары бойынша 2020 жылы 5% - ға құлағаннан кейін елдің ЖІӨ 2021 жылы 6,3% - ды құрайды.

Венгрия экономикасының жетекші салалары машина жасау, АӨК, металлургия, құрылыс материалдарын өндіру, фармацевтика, азық-түлік өндірісі, көлік және логистика, жеңіл және химия өнеркәсібі болып табылады.

Осы жылдың маусым айында Венгрия Қазақстанмен вакцинация паспорттарын өзара тану туралы келісім жасасқан алғашқы еуропалық ел болды. Ағымдағы жылдың қыркүйегінде Нұр-Сұлтан және Будапешт қалалары арасында тұрақты тікелей әуе қатынасы жаңартылды. Алматы қаласы мен Венгрия астанасы арасында тікелей рейстер ашу мүмкіндігі қарастырылуда.

Кездесуге Ұлттық экономика министрі Әсет Ирғалиев, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице — министрі Қайырбек Өскенбаев, сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев және Қазақстанның Венгриядағы елшісі Жәнібек Әбдірашов қатысты.

https://primeminister.kz/ru/news/a-mamin-obsudil-s-zamestitelem-premer-ministra-vengrii-m-vargoy-perspektivy-rasshireniya-sotrudnichestva-dvuh-stran-2591520