Алматыда шетелдік инвестицияларды тарту тақырыбында дөңгелек үстел өтті
2021 жылғы 1 қазанда Алматыда TUKIB түрік және қазақстандық бизнесмендер қауымдастығының қолдауымен ҚР СІМ-нің Алматы қаласындағы өкілдігі ұйымдастырған ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары А.Айдаровтың төрағалығымен шетелдік инвестицияларды тарту тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысы өтті. Инвестициялық іс-шара 29 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Алматы қаласында, Алматы және Түркістан облыстарында өткен бірқатар түрік жобаларының ашылу рәсімдері аясында өтті.
Отырысқа ҚР СІМ өкілдігінің басшысы А.Шоқыбаев, "Kazakh Invest" ҰК АҚ төрағасы М. Юсупов, Алматы қаласында аккредиттелген дипломатиялық корпустың, халықаралық ұйымдар мен шетелдік компаниялардың өкілдері қатысты.
Өз сөзінде А.Айдаров қатысушыларды Қазақстанның инвестициялық саясаты саласындағы ағымдағы жағдаймен таныстырды, шетелдік инвестицияларды тарту бойынша жұмыстың маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ сыртқы саяси ведомство қызметінің осы бағыттағы өзекті және басым бағыттарымен бөлісті.
Іс-шара барысында Министрліктің экономиканың түрлі секторларына инвестициялар тарту, шетелдік капиталмен бизнестің мүдделерін қорғау жөніндегі нормативтік құқықтық базаны жетілдіру саласындағы қызметінің нәтижелері және мемлекет пен инвесторлар арасындағы диалогты жолға қою тиімділігі таныстырылды.
Сондай-ақ, отырыс аясында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары А.Айдаровтың TUKIB мүшелерімен кездесуі өтті. Келіссөздер барысында түрік кәсіпкерлері инвестиция тарту саласындағы қызметтің түрлі мәселелерін көтерді.
Қатысушылар атап өткендей, бұл іс-шара тікелей шетелдік инвестицияларды тарту саласында тәжірибе алмасу және ынтымақтастықты жолға қою үшін сенімді алаң болып табылады.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша шетелдік серіктестермен одан әрі ынтымақтастық туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді және Қазақстан мен Алматы қаласының инвестициялық әлеуетін одан әрі дамытудың ықтимал бағыттары айқындалды.
Дереккөз: Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі