• Мобильді үстемені жүктеу

ҚР Премьер-Министрі А. Мамин Инвестштаб отырысын өткізді

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен инвестициялық штаб отырысында 2021 жылғы қаңтар-сәуірдегі инвестицияларды тарту бойынша жұмыстың қорытынды көрсеткіштері қаралды.

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев ағымдағы жылдың 4 айында тау-кен өндіру өнеркәсібін қоспағанда, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 32,3% деңгейінде өскенін баяндады.

Министр ҚР экономикасының қалпына келтіру траекториясына шығуы аясында ағымдағы жылдың 4 айының нәтижелері бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар өсімінің жоғары қарқыны өңдеу өнеркәсібінде (112,8%), ауыл шаруашылығында (66,1%), құрылыста (72,4%) байқалғанын атап өтті.

Ұлттық экономиканы қалпына келтірудің маңызды факторларының бірі қызмет көрсету секторындағы көрсеткіштер болды. Осы жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша, соңғы 12 айда алғаш рет  қызмет көрсету секторындағы өсу қарқыны оң динамиканы көрсетті.

Көрсетілген динамика аясында негізгі капиталға инвестициялар ағынының жоғары қарқыны сауда (28,3%), көлік және қоймалау (27,6%), қаржы және сақтандыру қызметі (28,6%), жылжымайтын мүлікпен операциялар (27,5%), білім беру (10,3%), өнер, ойын-сауық және демалыс (30,9%), сондай-ақ ақпарат және байланыс (61,2%) сияқты салаларда байқалды.

Негізгі капиталға инвестициялар бойынша өсудің оң қарқынына 15 өңірде және республикалық маңызы бар қалаларда қол жеткізілді. Көшбасшылар Алматы (+47,9%) және Нұр-Сұлтан (+31,7%), Түркістан (+42,6%), Жамбыл (+30,4%), Қарағанды (+22,9%), Солтүстік Қазақстан (+16,7%), Қостанай (+11,6%) және Қызылорда (+6,1%) облыстары болды. Артта қалушылық Батыс Қазақстан (-40,2%) және Атырау (-37,8%) облыстарында байқалады.

Әлемдегі капитал нарығының қалпына келтіру серпінін және ұлттық экономиканың инвестициялық тартымдылығының өсуін ескере отырып, ағымдағы жылы тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағынының 11% деңгейінде — $19 млрд дейін өсуін қамтамасыз ету жоспарлануда.

Отырыста «Самұрық-Қазына» АҚ инвестициялық жобаларының пулы қаралды. Қордың Басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев 31.12.2020 жылғы жағдай бойынша «Самұрық-Қазына» АҚ инвестициялық қоржыны серіктестердің үлестерін ескере отырып, көлемі 73 трлн теңге болатын 203 жобадан тұратынын атап өтті.  

Қазіргі уақытта мемлекеттік және салалық бағдарламалар шеңберінде Атырау қаласында полипропилен өндіру жөніндегі интеграцияланған газ – химия кешенінің, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының, «ҰИМТ» АЭА инфрақұрылымы объектілерінің құрылысы, Екібастұз ГРЭС-1-нің 1-блогын қалпына келтіру, «Богатырь» разрезінде көмір өндіру, тасымалдау, орташалау және тиеу технологиясын жаңғырту, Шелек дәлізінде ЖЭС салу және басқалары сияқты ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда.

2021-2026 жылдар кезеңінде Қор Маңғыстау облысындағы магистральдық газ құбырларын жаңғырту, Алматы энергия кешенін газдандыру, Екібастұз 2-ГРЭС-ін кеңейту және реконструкциялау, ЖЭК саласындағы жобалар және басқалар бойынша ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр.

Ұлттық экономиканың құрылыс материалдарында өзіндік жеткіліктілігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар шеңберінде санфаянс, жылытқыштар, керамикалық плиткалар, еден жабындары және т. б. өндіру жөніндегі зауыттар салу сияқты инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланған.

«Жоспарланған инвестициялық жобаларды іске асыру және инвестицияларды тарту көлемін одан әрі арттыруды қамтамасыз ету үшін түбегейлі шаралар қабылдау қажет. «Самұрық-Қазына» қоры энергетика, мұнай-газ химиясы, көлік және логистика және басқа да стратегиялық салалардағы ірі жобаларға инвестиция салуға назар аударуы қажет, бұл экономиканың дамуына мультипликативті әсер етеді», - деді А.Мамин.

Отырыста жергілікті атқарушы органдар үшін 2021-2025 жылдарға арналған тікелей шетелдік инвестицияларды тарту жөніндегі нысаналы индикаторлар бекітілді.

 https://primeminister.kz/ru/news/premer-ministr-rk-a-mamin-provel-zasedanie-investshtaba-1845759