• Мобильді үстемені жүктеу

Америкалық «Valmont Industries» Қазақстанда алдыңғы қатарлы суару жүйелері зауытын ашады

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин бейнеконференция байланысы режимінде «Valmont Industries» компаниясының президенті Стивен Каневскимен келіссөз жүргізді.

Тараптар мал шаруашылығы, селекция, тұқым шаруашылығы, тамшылатып және жаңбырлатып суару, аграрлық ғылым және білім беру салаларында ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу келешегін талқылады.

Келіссөз қорытындысы бойынша ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, қазақстандық «Kusto Group» компаниясы және америкалық «Valmont Industries» компаниясы арасында инвестициялар туралы келісімге қол қойылды.

Құжат Қазақстанда демонстрациялық фермалар желісін құруды және заманауи суару жүйелерін өндіретін және ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін басқаратын зауыт салуды көздейді. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 1 мың «Valley» фронталды және айналмалы суару машиналарын құрайды.

Америкалық ирригация технологиялары өсімдік шаруашылығының өнімділігін арттыруға және ауыл шаруашылығында су шығынын 50-70%-ға азайтуға мүмкіндік береді.

Демонстрациялық фермалар желісін қалыптастыру суару, су ресурстарын ұтымды пайдалану, жемшөп өндіру, фермерлерді оқыту мен тренинг өткізу және білікті кадрлар даярлау саласында озық технологиялар трансферін қамтамасыз етеді.

«Valmont Industries» компаниясы – су инфрақұрылымы нысандарын басқару және инвестициясы, суармалы егіншілік және ирригациялық жүйелер өндірісі саласындағы әлемдік көшбасшы. Штаб-пәтері АҚШ-тың Небраска штатындағы Омаха қаласында 1946 жылы құрылған. Компанияның жылдық айналымы $2,6 млрд асады.

Үкімет басшысы АӨК ҚР экономикасының қарқынды дамып келе жатқан секторларының бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар, БҰҰ жанындағы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) бағалауы бойынша Қазақстан ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуеті барынша жоғары елдердің бестігіне кіреді.

«2020 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығында 5,6%-ға тұрақты өсім қамтамасыз етілді – бұл саладағы соңғы 6 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. АӨК жаһандық азық-түлік тізбегінде жалғасып келе жатқан іркіліс жағдайында Қазақстанда инфляцияны тежеудің негізгі факторына айналды», - деді А. Мамин.

Келіссөзге Қазақстан тарапынан Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов, ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, АҚШ-тағы ҚР елшісі Ержан Қазыханов, «Kusto Group» басшысы Еркін Тәтішев, америкалық тараптан АҚШ-тың Қазақстандағы елшісінің орынбасары Линг Теодор, «Valmont Irrigation» президенті Ленни Адамс және «Valmont Industries» вице-президенті Джошуа Диксон қатысты.

https://invest.gov.kz/ru/media-center/press-releases/amerikanskaya-valmont-industries-otkroet-v-kazakhstane-zavod-peredovykh-sistem-orosheniya/