• Мобильді үстемені жүктеу

ШҚО-да геологиялық барлау жұмыстары жандандырылды

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында өңірдің минералдық-шикізат базасын дамыту мәселелері жөнінде жиналыс өткізді, ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, Kapital.kz іскерлік ақпарат орталығының тілшісі хабарлайды.

«Өңірде барлық минералдық шикізат түрлері анықталған. Шығыс Қазақстанда алтын, күміс, мыс, цинк, қорғасын, титан, барит және жер асты суларының үлкен қоры шоғырланған. Өңірдегі пайдалы қазбалар қоры 17-20 жылға жетерліктей қалды, сондықтан геологиялық барлау жұмыстар көлемін ұлғайтуымыз қажет. Бұл бағытта заманауи технология әдістерін қолдану маңызды және инвесторларға қолайлы жағдай жасау арқылы үлкен нәтижелерге қол жеткізуге болады. Жастарды геология саласына тартуымыз қажет. «Қазгеология» компаниясы Шығыс Қазақстан облысының жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты күшейтетін болады», деді Мағзұм Мырзағалиев отырыс барысында.

Облыс әкімі Даниал Ахметов өңірде минералдық шикізат қорларының азайғанына ерекше назар аударды.

«Геологиялық барлау өңірдің металлургия саласының тек жақын уақыттағы ғана емес, алдағы 10-15 жылдағы келешегін анықтайды. Қала құраушы елді мекендердегі кәсіпорындар тек жұмысшыларға емес, тұрғындарға да әлеуметтік қолдау көрсетеді. Сондықтан, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына тікелей әсер ететін бұл бағыттағы шараларға ерекше назар аударып отырмыз», деді Даниал Ахметов.

Экология вице-министрі Серікқали Брекешов тау-кен қазу және тау-кен өңдеу өнеркәсібі облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының драйвері болып табылатынын, бұл салаға бөлінетін қаржы көлемін арттыру қажеттігін айтып өтті.

«Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің деректері бойынша Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік баланста 39 мыс, 30 қорғасын, 34 мырыш, 122 алтын, 48 күміс, 11 – қалайы кен орындары тіркелген. Облыстың жер қойнауын пайдалануға 2011-2019 жылдар аралығы кезеңінде шамамен 2,7 трлн теңге жеке инвестиция тартылды, оның ішінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге тікелей 71,4 млрд. теңге бағытталды, бұл жалпы қаржылық шығындардың 3 %-нан аспайды»,- деді вице-министр.

«Kazakhmys Barlau» ЖШС бас директоры қазір Ғалым Нұржанов Шығыс Қазақстан облысы аумағында 3 перспективалы жоба дайындалып жатқанын мәлімдеді.

«Оның бірі бұрын төмен құрамды кен орнына жатқызылған «Айдарлы» жобасы. Бұл қазба жұмыстары жүргізілмей жатқан әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі. Алайда, бүгінде металл бағасының өзгеруі және әлемдік мыс нарығы конъюнктурасының артуы нәтижесінде аталған нысанның экономикалық тұрғыда тартымдылығы артты, осыған байланысты біз биылғы жылы толық ауқымды бұрғылау жұмыстарын бастадық, ағымдағы жылдың басынан бері 1 млрд теңгеден астам инвестиция бөлінді. Алдын ала болжам бойынша «Айдарлы» кен орнында 4,3 млрд тонна кен қоры немесе 15 млн тонна мыс бар», деді кәсіпорын басшысы.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі геологиялық барлаудың бес жылдық кезеңге арналған Мемлекеттік бағдарламасын әзірлеген. ШҚО және моноқалалардағы жұмыстарға ерекше мән беріледі. ШҚО шегінде екі жүз мың ауқымды өңірлік жұмыстар жүргізу көзделген, оның ішінде 27,9 мың шаршы км алаңға геологиялық-минерагендік картаға түсіру, 6,8 мың шаршы км аумақ алаңдарын геологиялық жете зерттеу және 27,2 мың шаршы км алаңға терең геологиялық картаға түсіру жұмыстарын жүргізу көзделген.

Қара-аяқ, Мунча учаскелерінде сирек металдарға іздестіру жұмыстары жүргізіледі, сондай-ақ басқа учаскелерде негізгі пайдалы қазбалар (алтын, мыс, полиметалдар) зерттеледі.

Отырыс қорытындысы бойынша геологиялық барлау жұмыстарын күшейту, қосымша қаржы тарту мәселелері бойынша Жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Оның құрамына саладағы ғалымдар, компаниялар мен мүдделі мемлекеттік органдар өкілдері кіреді.

 https://kapital.kz/economic/92089/v-vko-aktiviziruyut-geologorazvedku.html