• Мобильді үстемені жүктеу

Қазақстанда А-5 санаты бойынша инвесторларға виза берудің шарттары өзгерді

ҚР Сыртқы істер министрлігінің Инвестиция комитеті инвесторлық виза алуға өтініш беру мерзімін elicense.kz портал арқылы онлайн түрінде 5 жұмыс күніне дейін қысқартты. ХҚО арқылы құжаттарды қабылдауға өтініш беру уақытша сақталған, мұндай жағдайда өтініштерді қарау мерзімі 11 жұмыс күнінен аспайды. Сондай-ақ, инвестициялар жөніндегі уәкілетті органға өтініш рәсімдеуге байланысты жаңа ережелерге сәйкес енді өтінішті жеке тұлға да бере алады.

Инвесторлық визалар тек Қазақстан Республикасының аумағында инвестициялық қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне беріледі. Визаның бұл санатында оның қолданылу мерзімі шеңберінде елде болу мерзімі бойынша шектеулер жоқ. Іскерлік визаның иесі әрбір кіру кезінде Қазақстанда 60 тәуліктен артық болмауы мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, А-5 санатындағы инвесторлық визаны алу рәсімі 3 мемлекеттік қызметті қамтиды: инвестициялар жөніндегі уәкілетті органның инвесторлық визаны алуға қолдаухаты, ҚР Ішкі істер министрлігінде шақыруды ресімдеу және Қазақстанның шет елдердегі мекемелерінде инвесторлық визаны ұсыну.

«Коронавирустық инфекцияның (COVID-19) таралу жағдайында біз іскерлік белсенділіктің төмендегенін, инвестициялық ағымдардың жаһандық қысқарғанын байқап отырмыз. Біз үшін бұл үй жұмысын жасау және процестерді оңтайландыру уақыты. Жақында инвестициялық келісім-шарт жасау мемлекеттік қызметі онлайн форматына ауыстырылды, визалық-көші-қон қызметтерін жеңілдетіп, автоматтандырдық", - деп атап өтті ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров.

Карантиндік шектеулер кезеңінде 2020 жылдың 11 мамырынан бастап әрбір жеке жағдайды қарастыратын арнайы Ведомствоаралық комиссияның шешімі болған жағдайда ғана шетел азаматтарына Қазақстан шекарасынан өтуге рұқсат беріледі. Шетелдік азаматтар Қазақстан Республикасының аумағына эпидемияға қарсы шараларды сақтай отырып кіре алады.

https://invest.gov.kz/ru/media-center/press-releases/kazakhstan-has-changed-the-conditions-for-issuing-a-5-visas-to-investors/