АХҚО сенімді қаржы платформасының синониміне айналуы тиіс - Президент
«Астана» Халықаралық қаржы орталығы сотының төрағасы Лорд Ман ант қабылдады. Рәсім онлайн режимінде өтті. Оған Президент қатысты,- деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халықаралық стандарттарына сай заманауи, кәсіби және тәуелсіз сот жүйесін құруға әрқашан ерекше назар аударатындығын атап өтті. Және Елбасының бастамасымен АХҚО Сотының мекемесі еліміздің сот жүйесіндегі құрылымдық реформаларға деген терең ұстанымын тағы бір рет дәлелдеп отыр.
Лорд Ман, АХҚО Сотының Төрағасы:
- Мен АХҚО Сотының Төрағасы ретінде адал әрі шынайы қызмет ететінімді салтанатты түрде мәлімдеймін және растаймын. Қазақстан Конституциясы мен қолданыстағы заңға сәйкес мен барлық адамдарға қатысты қандай да бір артықшылық немесе жек көрушілік танытпай, әділ, қалтқысыз сот жүргіземін.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- АХҚО соты Қазақстанда жұмыс істейтін немесе аймаққа келуді жоспарлап отырған инвесторларға оның алаңында бүкіл әлем бойынша басқа да ірі қаржы орталықтарындағы өзінің аналогтарына ұқсас лайықты судьялар, рәсімдер, практикалар мене стандарттар кездестіру мүмкіндігін ұсынады. Сондай-ақ, әділдігімен, адалдығымен, қалтқысыз еңбегімен танымал ортақ құқықты тәжірибелі судьялар тұрақты сот жүйесі мен құқық үстемділігінің кепілі болып табылады.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» Халықаралық қаржы орталығының жұмысы, әсіресе, қазіргі таңда, пандемия мен мұнай бағасының құлдырауынан туындаған жаһандық күйзелістер жағдайында экономиканы қалпына келтіруде үлкен маңызға ие екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- АХҚО сенімді қаржы платформасының синониміне айналуы тиіс және шетелдік инвесторлардың Қазақстанға деген сенімін арттыруы керек. Орталық құрылымының негізгі бөлігі бола отырып, Сот тәуелсіз жалпыға бірдей құқықтық сот жүйесі АХҚО жұмысында және тиісінше, қазақстандық инвестициялық бағдарламасын тиімді жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады.