Асқар Мәмин аймақтарға инвестиция тарту үшін АХҚО-мен бірге жұмыс істеуді тапсырды
«Астана» Халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) ҚР Премьер-Министрі Асқар Мәминнің төрағалық етуімен Инвестицияларды тарту жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өткізілді.
Орталық және жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдардың инвестиция тарту бойынша жұмыс қорытындысы туралы ұлттық экономика министрі Р.Даленов, импортты алмастыру бойынша «Атамекен» ҰКП-ның төрағасы А. Мырзахметов, АХҚО тәсілдері, аймақтардағы инвестиция тарту мәселелері бойынша АХҚО басқарушысы К.Келімбетов баяндама жасады.
Отырыс барысында ұлттық экономика қарқынды дамып келе жатқаны айтылды. Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша өсім қарқыны 4,3%-ды құрады. Халықаралық валюта қоры ҚР-дағы экономика өсімінің болжамын арттырды, атап айтқанда 2019 ж. 3,2%-дан 3,8%-ға дейін, 2020 ж. 3,2%-дан 3,9%-ға дейін. Азия Даму Банкі ҚР-дағы экономика өсіміне қатысты өз болжамын ұлғайтты, 2019 ж. 3,5%-дан 3,7%-ға дейін. Мoody’s рейтингтік агенттігі еліміздегі несие бағасын тұрақты деңгейден поизитивтік деңгейге дейін жоғарылатты. Бүкілемдік Экономикалық Форумның Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексіндегі Қазақстанның позициясы 59-орыннан 55-орынға дейін жақсарды.
Еуропа Қайта Құру және Даму Банкінің (ЕҚҚжДБ) Қазақстан бойынша басшысы А.Прейманис пен Азия Даму Банкінің (АДБ) Қазақстандағы өкілдігінің директоры Дж. Капаннелли Қазақстанның экономикалық және инвестициялық саясатындағы оң динамикасын атап өтті.
Инвестицияларды тарту және Қазақстан экономикасының капитал сыйымдылығын жоғарылату экономика өсімінің ағымдағы қарқынын қолдау мен арттырудың маңызды талаптарының бірі болып табылады. 2024-жылға қарай негізгі капиталға салынатын инвестициялардың деңгейін ЖҰӨ-ге 30%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бүгінгі күні инвестициялық жобалар пулы қалыптастырылды, бұл бізге 2020-2024 жылдары 41 трлн теңгеден артық инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Базалық индустрияландыру, АӨК, транспорт, туризм және сауда-саттық инвестиция өсімінің негізгі драйверлері болмақ.
«Экономикамыздың озық қарқынмен дамуын қамтамасыз ету үшін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бізге берген тапсырмасы бойынша елімізге шетел инвестицияларын тікелей тарту жұмыстарын сапа жағынан күшейту қажет», - деді А. Мәмин.
Үкімет басшысы қазіргі инвестициялық инфрпақұрылымды жетілдіруді, ҚР арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарында инвесторларға арналған преференцияларды бір қалыпқа келтіруді, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамытуды жеделдетуді, қосылған экспортқа бағдарланған құн салығы жоғары болатын жобалардың үлесін арттыруды тапсырды.
«Инвестициялық жобаларды әзірлеу және дайындау мәселелеріне сапалық тұрғыдан көңіл бөлген жөн. Бұл үшін консалтингтік компаниялар мен ЕҚҚжДБ, ИДБ, АДБ секілді халықаралық қаржы институттарының және елге көрсетілетін техникалық көмек шеңберіндегі өзге де институттардың әлеуетін пайдалану керек», - деп атап өтті А.Мәмин.
Премьер-Министр аймақтардағы инвестициялық белсенділікті арттыру мақсатында АХҚО құқығы бойынша құрылымданған жобаларды оның юрисдикциясын қолдану арқылы іске асыруға қатысты мәселелерді әзірлеуге тапсырма берді.
«Аймақтарда инвестиция тартумен тікелей айналысатын әкімдердің орынбасарлары бар. Қолымызда бар әлеуетті және АХҚО қаржы нарығының қолданыстағы аспаптарын барынша тиімді пайдаланудың маңызы зор. Үйлестіру кеңесінің бүгінгі отырысы аймақтардың АХҚО-мен ынтымақтастығын сапалы дамытуға мүмкіндік береді деп есептеймін», - деді А.Мәмин.
Үкімет басшысы орталық мемлекеттік органдарға, ұлттық компаниялар мен әкімдіктерге қойылған міндеттердің орындалуы мен инвестицияларды тарту бойынша бекітілген нысаналы индикаторларға қолжеткізілуін қамтамасыз етуге тапсырма берді.