Қазақстан және Германия құны $700 млн құрайтын жобаларды іске асыру туралы келісті
Берлинде неміс компанияларымен бірге жалпы сомасы шамамен 700 млн долларды құрайтын инвестициялық жобаларды іске асыру туралы келісімдерге қол жеткізілді. Ол туралы Қазақстан-Герман бизнес-форумының барысында белгілі болды. Шарада Linde Gas, SMS Group, CLAAS Group, Masterrind тәрізді компаниялармен ынтымақтастық перспективалары талқыланды, деп хабарлады KAZAKH INVEST баспасөз қызметі Kapital.kz іскерлік ақпарат орталығына.
Инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі құжаттарға Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдың желтоқсан айында Германияға ресми сапары барысында қол қойылады деп жоспарлануда.
Форумға екі елдік іскерлік топтарының 200 астам өкілі қатысты. Қазақстан делегациясын Қазақстанның премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр басқарды.
«Экономикалық дамудың шикізаттық векторынан шегіну үшін Қазақстан отандық экономиканы жаңғырту мен индустрияландыруға кірісті. Жаңа саясаттың іргетасы – индустриялық-инновациялық және «жасыл» экономика негізін құру болып табылады. Бұл мәнмәтінде қазақстандық кәсіпкерлердің мақсаты жаңа технологиялар мен инновациялар салаларындағы көшбасшылар ретінде Германияның компанияларын ынтымақтастыққа шақыру болуы тиіс. Цифрлық технологияларды қолданумен құрылатын жаңа салаларды дамыту, сондай-ақ, Индустрия 4.0 элементтерін енгізу әсіресе өзекті болып табылады», - деп атап өтті Роман Скляр.
Соңғы 14 жылдың ішінде герман компанияларының елімізге шамамен 5 млрд доллар инвестиция жұмсағандарын атап кеткен жөн. Неміс статистикалық ведомстволарының мәліметтері бойынша, 2018 жылдың қорытындылары бойынша тауар айналымы 5,1 млрд. еуро көлеміндегі шекті көрсеткішке жетті.
«Бүгінгі күні Қазақстан – бизнес жүргізу үшін жаңа мүмкіндіктер. Солайша, ЕҚДБ болжамы бойынша 2019 жылы ЖІӨ 3,5% өсуі мүмкін. 2020 жылға арналған болжам Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтағы өсім қозғалтқышы болып табылатынын көрсетеді. Біз оң бағыттағы даму Германия-Қазақстан экономикалық қатынастарына жағымды әсер еткеніне қуаныштымыз: бірінші жарты жылдықта біз 2,7 млрд еуроға тауар алмастық. Қазақстан үлесіне әлі де Германияның Орталық Азия өңірімен сауданың 80% астамы тиесілі», - деп атап өтт Германия экономикасы Шығыс комитетінің басқарма мүшесі, «Кнауф» компаниясының бас серіктесі Манфред Грундке.
Бүгінде елімізде Германия капиталы қатысатын 900 астам компания жұмыс істейді. Отандық кәсіпкерлер жаңа жобалардың есебінен ынтымақтастықты кеңейтпек. Форум қатысушылары неміс бизнесі Қазақстанды «Орталық Азия өңіріндегі маңызды серіктес» ретінде көретіндерін атап өтті. Германия экономикасы Шығыс комитетімен бірлесіп, Инвестициялық жобалар тізбесін қоса ұсынумен, «Сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жол картасы» жобасы әзірленді, оған мемлекет басшысының сапары барысында қол қою жоспарланған.