«НК «Kazakh Invest» ҰҚ» АҚ Басқарма Төрағасы болып Бауыржан Сартбаев тағайындалды
«Kazakh Invest» ҰК» АҚ-ның Директорлар кеңесінің шешімімен Бауыржан Сартбаев ұлттық компания басқармасының төрағасы болып тағайындалды. Компания ұжымына жаңа басшыны Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев таныстырды.
Министрдің орынбасары атап өткендей, ҚР Премьер-Министрі Асқар Мәминнің төрағалық етуімен өткізілген Инвестиция тарту мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінде компания мен жаңадан тағайындалған Kazakh Invest басшысына көптеген мақсат-міндеттер қойылды, соның бірі Қазақстанға тікелей келіп түсетін жалпы шетел инвестициясының жыл сайынғы мөлшерін 2018 жылы 24 млрд $ бастап 2025 жылға қарай 34 млрд $ дейін арттыру.
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мәмин ұлттық және шетелдік инвесторлармен, сонымен бірге, халықаралық қаржы ұйымдарымен ел экономикасына инвестиция тарту жұмыстарын жандандыру және жаңа ауқымды жобалар іздестіру бойынша нақты тапсырмалар берді.
«Жаңа басшының шетелдік компаниялармен жұмыс істеу тәжірибесі мол. Бауыржан Мейрамбекұлы ұзақ жылдар бойы коммерциялық құрылымдарда басшылық лауазымдарда қызмет атқарған. Оның осы уақытқа дейінгі жинақтаған тәжірибесі тың идеялар тудырып, шетелдік инвесторларды таргеттеуді едәуір жақсартуға ықпал етеді деп сенемін», - деді Ермек Көшербаев.
Сонымен қоса, Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев компанияның бұрынғы басшысының адал еңбегін де атап өтті. «Сапарбек Құрақбайұлы Тұяқбаев осы компания құрылғаннан бері жұмыс істейді, ол инвесторларды тарту және олармен жұмыс істеу механизмін жақсартты. Былтыр «Kazakh Invest» қолдауымен 3,1 млрд $ құрайтын 27 жоба іске асырылды. Биыл тағы 30 жоба іске асырылмақ. Бұл көрсеткішті жылдан жылға жақсарту қажет», - деп тапсырды министрдің орынбасары.
Инвестиция тарту мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі шеңберінде ҚР ЖІӨ негізгі капиталына инвестиция көлемін 30%-ға дейін арттыру бойынша институционалдық және заңнамалық шаралар да талқыланғанын атап өткен жөн.