• Мобильді үстемені жүктеу

2018 жылы Қазақстанда неміс капиталының қатысуымен 183 млн. доллардан астам сомаға инвестициялық жобалар жүзеге асырылды

Берлинде сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстандық-германиялық үкіметаралық жұмыс тобының 12-ші отырысы болып өтті.

Қазақстандық тараптан осы маңызды іс-шараның басты ұйымдастырушысы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі болып табылады, 2018 жылдың аяғында министрліктің құзіретіне шетелдік инвестицияларды тарту және шетелде қазақстандық экспортқа қолдау көрсету мәселелері берілген болатын.

Қазақстандық делегацияға Сыртқы істер министрінің орынбасары - ҮЖТ қазақстандық бөлігінің тең төрағасы Ермек Көшербаев, Германия делегациясына - Экономика және энергетика федералды министрінің орынбасары, ҮЖТ неміс бөлігінің тең төрағасы Эххард Франц басшылық етті.

Аталған іс-шара барысында инвестициялық климат және Қазақстан мен Германиядағы экономикалық жағдаят мәселелері қарастырылды. Делегация басшылары сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға үлкен қызығушылық танытты. Қысқа мерзім ішінде және жоғары деңгейде даму туралы келісімге қол қойылды және елдер арасындағы өзара іс-қимылдың экономикалық салаларын жүйелейтін және экономиканың нақты секторларында мақсатты жобаларды іске асыруға бағытталған «Жол картасы» жобасын әзірлеу және оған қол қою туралы түбегейлі уағдаластыққа қол жеткізілді.

Бұл маңызды құжат Қазақстан экономикасын жаңғыртуға жәрдемдесуге, Германиядан озық технологияларды тартуға және Қазақстанда өңдеудің жоғары деңгейімен өндірістер құруға бағытталған екіжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңінің бастауы болмақ.

Сондай-ақ, ҮЖТ кездесуі аясында ҚР мен ГФР арасындағы энергетика және энергия тиімділігін арттыру, жаңартылатын энергия көздері, экология, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, трансферт және технологиялар, көлік және логистика, тұрғын-үй коммуналдық қызметтері, денсаулық сақтау, білім беру, туризм салаларындағы және зияткерлік меншікті қорғау саласындағы өзара іс-қимыл тәрізді екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Осылайша, 2018 жылы Қазақстанда сауда, өнеркәсіп және жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) салаларында 183 млн. АҚШ долларынан асатын неміс капиталының қатысуымен 4 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Осы жобаларды іске асыру шамамен 400 жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік берді.

ҮЖТ тең төрағалары отырысқа қатысушыларды соңғы саяси оқиғалар контекстінде, сондай-ақ әлемдік экономиканың қазіргі дамуы мен сауда-саттық соғыстарынан туындаған қиындықтар жағдайында өз елдеріндегі ағымдағы экономикалық жағдаймен таныстырды. Әлемдік нарықтардағы турбуленттіліктің және бірқатар жетекші ойыншылардың ұзақ мерзімге созылған санкциялық саясаты аясында тараптар 2018 жылы Қазақстан мен Германия арасындағы тауар айналымының елеулі өскендігін атап өтті. Сондай-ақ, неміс инвестицияларының 90%-дан астамы Қазақстан экономикасының «шикізаттық емес секторына», атап айтқанда қайта өңдеу өнеркәсібіне, химия өнеркәсібіне, құрылыс материалдары өндірісіне және агроөнеркәсіп кешеніне тиесілі екенін атап өтті.

ҮЖТ қазақстандық бөлігінің тең төрағасы Германияның ЕО-ғы Қазақстанның басты саяси және жетекші сауда-экономикалық әріптестерінің бірі, сондай-ақ ұзақ мерзімді перспективада ҚР-ның экспорттық мүдделерін ұсынатын басым елдердің бірі екенін атап өтті.

Е. Көшербаев неміс әріптестеріне қолайлы инвестициялық ахуалды құруға, инвестициялық инфрақұрылымды жақсартуға және шетелдік инвесторлармен өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге бағытталған инвестициялар тарту жөніндегі мемлекеттік саясаттың басымдықтары туралы хабардар етті. Осыған байланысты ол бірлескен инвестициялық жобаларды кең ауқымда жүзеге асыру және Қазақстандағы неміс компанияларының өндірістік қызметін кеңейту бойынша барынша күш жұмсауды ұсынды.

«Бүгінгі күні инвестиция тартудың кешенді экожүйесі жаңғыртылуда. Инвестициялық климат ЭЫДҰ стандарттарымен сәйкестікке келтірілуде. Шетелдегі елшіліктерден бастап жергілікті атқарушы органдарға дейін тікелей өзара іс-қимыл тізбегін құру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Біз бірлескен инвестициялық жобалардың, сондай-ақ Қазақстан аумағындағы өндірісті оқшаулау бойынша әлеуетті ұсыныстардың табысты болуына барлық күш-жігерімізді жұмсауға дайынбыз», - деп атап өтті қазақстандық делегация басшысы.

Өз кезегінде, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан бірыңғай келіссөзші ретінде жұмыс істейтін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің «KazakhInvest» компаниясы инвесторларға мемлекеттік қолдау шаралары және инвестициялық жобаларды қолдау және сүйемелдеу туралы хабардар етті, неміс инвесторларын компания жинақтаған жобалармен таныстырды.

«Біздің пай плайн құрамына шетелдік инвесторлардың қатысуымен өтетін жалпы құны шамамен $ 40,1 млрд құрайтын 174 жоба кіреді. Бұл агроөнеркәсіптік және тау-кен-металлургиялық кешендері, мұнай-газ химиясы, машина жасау, инфрақұрылым және сауда саласындағы жобалар. Шетелде және республика өңірлерінде өкілдері бар компания идеядан басталып, іске асыруға дейін және «бір терезе» қағидаты бойынша инвестициядан кейінгі кезеңде инвестициялық жобаларды қолдау бойынша қызметтердің толық спектрін қамтамасыз етеді», - деп мәлімдеді «KazakhInvest» ҰК» АҚ директорының орынбасары Р. Исатаев.

Неміс делегациясының басшысы, өз кезегінде, аймақтағы ГФР маңызды серіктесі ретінде Қазақстанның рөлін атап өтіп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың қарқынды дамуына жоғары баға берді, сондай-ақ неміс бизнесінің Қазақстан нарығына тұрақты қызығушылығын атап өтті. Оның айтуынша, күн тәртібінен екіжақты қарым-қатынастардың бірқатар кедергілерін жою екі ел арасындағы экономика мен инвестициялар саласындағы кең ауқымды ынтымақтастықты кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

«Біздің қарым-қатынастарымызда үлкен, бірақ толықтай пайдаланылмаған әлеует, сондай-ақ нақты қамти алатын салалар бар. Қазақстан біз үшін Орталық Азиядағы негізгі әрі маңызды әріптес болып табылады. Неміс экономикасы Қазақстанның экономикасын жаңғыртуға кең ауқымды түрде қатысуға мүдделі және осы бағытта өз үлесін қосуға дайын», - деп айтып өтті Е.Франц.

Айта кететін жағдай, 2019 жылы тараптар етті қайта өңдеу бойынша және “Tönnies” тамақ өнімдерін шығаратын неміс фирмасымен (жылдық айналымы 6,3 млрд еуро) бірлескен жобаны жүзеге асыруды жоспарлауда. Бұл компания бордақылау алаңын, ет өңдеу зауытын және тарату орталықтарын қамтитын ет өңдеу зауытының толық технологиялық тізбесін құруға инвестиция салуға ниет білдіріп отыр.

Зерттеп-анықтау кезеңінде «SunFarming» және «PrismaSolar» компанияларымен бірлесіп жүзеге асырылатын жаңартылатын энергия көздері саласында нысандар салу жобалары бар.

Сондай-ақ, екі жақты кездесулер аясында «FBWasteRecycling» неміс компаниясы Жамбыл облысында қалдықтарды қайта өңдеу бойынша бірлескен кәсіпорын құру мүмкіндігін мәлімдеді, жергілікті компания «Экожер» ЖШС (Тараз) неміс компаниясының әлеуетті серіктесі болуы мүмкін.

Жалпы құны 50 млн. еуроны құрайтын аталған жобаны жүзеге асыру аясында, жылына 150 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және 5 МВт/сағ дейін электр энергиясын өндіру жоспарланып отыр, құрылыс және қалдықтарды қайта өңдеу зауытының жұмыс жобасы аймақта 80-ге жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, Берлинде қазақстандық делегация ауыл шаруашылығы техникасының жетекші өндірушілерінің бірі «CLAAS» компаниясының басшылығымен кездесу өткізді. Келіссөздер қорытындысы бойынша неміс тарабы ҚР-да ауылшаруашылық техникасы өндірісін құруға келісімін берді, сондай-ақ бірлескен жобаны жүзеге асыру жоспарын әзірледі. «CLAAS» компаниясының келешекте өндірісті құрғаннан кейін бесінші жылы 30% көлемінде қазақстандық кәсіпорындарға іріктеу жүргізетіні туралы келісімге келуі ең маңызды жетістік болып табылады.

Бұдан басқа, қазақстандық делегация Германияның Бундестаг депутаттарымен, германиялық экономиканың Шығыс комитетінің және ГФР экономикалық ынтымақтастығын дамыту қоғамының басшылығымен кездесулер өткізді. Сондай-ақ, делегация фотоника және оптика, жаңартылатын энергия көздері және биотехнология салаларында 500-ден астам компанияларды және ғылыми-зерттеу институттарын біріктіретін «Берлин-Адлерсхоф» ғылыми-технологиялық паркіне таныстыру сапарына қатысты.

ҮЖТ отырысының нәтижелері екі мемлекеттің арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың сапалы жаңа кезеңінің басталуын және тараптардың болашақтағы жылдарға арналған тараптар әзірлеген ынтымақтастықтың «Жол картасында» нақты экономикалық жобаларды жоспарлы және ауқымды іске асыруға дайын екендігін көрсетті.

ҮЖТ Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты үйлестіретін және үкіметаралық деңгейде жүйелі түрде серіктестік диалогын жүргізуге тартылған негізгі орган болып табылады.

 https://ru.invest.gov.kz/media-center/press-releases/investproekty-na-summu-bolee-183-mln-s-uchastiem-nemetskogo-kapitala-realizovany-v-kazakhstane-v-201/