Қазақстан және Финляндия экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелерін талқылады
Сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша 11-ші Қазақстан-Финляндия Үкіметаралық комиссиясының шеңберінде ҚР Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан-Финляндия іскерлік және инвестициялық дөңгелек үстелінің отырысы өтті.
Бұл шара ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылдың қазанында Финляндияға ресми сапарының қорытындыларын тәжірибелік жүзеге асыруға бағытталған.
«Дөңгелек үстел» жұмысына Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, Финляндия Республикасының Сыртқы сауда және даму министрі Анна-Мари Виролайнен, сондай-ақ, екі елдің іскерлік топтарының 40 астам өкілі қатысты.
Отырысты ашу барысында, сыртқы саяси ведомство жетекшісінің орынбасары Е. Көшербаев инвестицияларды тарту механизмінің әрекеті, инвестициялық климат, елімізде шетелдіктер үшін әрекет ететін салық жеңілдіктері жайлы әңгімеледі.
«Елбасы инвестиция тарту мәселесіне ерекше көңіл бөледі, бүгінде Қазақстанда инвесторлар үшін барлық жағдай жасалған, республиканың инвестициялық климатын жетілдіру бойынша жұмыс тұрақты жүргізілуде. 2018 жылдың желтоқсан айында біздің министрлікке инвестиция тарту функциялары табысталды. Бүгін біз «Шетелдік мекемелер-Орталық-Өңір» форматындағы кешенді экожүйені қалыптастырудамыз», - деп атап өтті Е. Көшербаев.
Қатысушылардың назарына «KAZAKHINVEST» ҰК» АҚ, «KAZAKHEXPORT» Экспорттық сақтандыру компаниясы АҚ, «Kaukolinternational», «Finnish Water Forum», «AINS Group», «Nurminen Logistics» және басқа жетекші қазақстандық және фин компанияларының жетекшілерінің презентациялары ұсынылды.
Екі ел арасындағы тауар айналымы 2018 жылы шамамен 247 млн. АҚШ долл. құрады. Қазақстаннан Финляндияға экспорт былтырғы жылы шамамен 115,7 млн. АҚШ долл. жетті, экспорттың негізгі тауарлары шикі мұнай, тас көмір, тас көмір шайырын айырып шығару өнімдері, қозғалтқыштар мен күштік қондырғылар, жүк автомобильдері, топырақ жұмыстарына арналған машиналар, жол және құрылыс техникалары болды.
Өз кезегінде Финляндиядан Қазақстанға 2018 жылы импорт 131,6 млн. АҚШ долл. құрады. Қазақстанға импортталатын негізгі өнім – мұнай өнімдері, графикалық мақсаттарға арналған жылтыр және жылтыр емес қағаз, дәрілік заттар және сутек пероксиді.
Шара қорытындылары бойынша «ТКШ жаңғыртудың қазақстандық орталығы» АҚ, «НИИТЭП типтік және эксперименттік жобалау ғылыми-зерттеу институты» және «AINS Group» арасында қосымша Үш жақты келісімге қол қою салтанаты өтті.
Финляндия Қазақстанның Солтүстік Еуропа және Еуроодақ өңіріндегі басты серіктестерінің бірі болып табылады, екі елдің арасындағы қатынастар саяси сұхбаттың жоғары динамикасымен, экономикалық және инвестициялық өзара әрекеттесудің жоғары мүмкіндіктерінің болуымен сипатталады.