Ынтымақтастық жылдарында Бүкіләлемдік банк ҚР-да 46 жобаға қолдау көрсетті
ҚР-ның Премьер-министрі, ББ және Халықаралық қаржы корпорациясы әріптестікті дамыту мәселелерін талқылады.
ҚР-ның Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Бүкіләлемдік банк және Халықаралық қаржы корпорациясының вице-президенттері Сирил Мюллер және Джорджина Бейкермен кездесулер өткізді. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің ресми сайты хабарлады.
Кездесулер барысында Қазақстанның инвестициялық климатын одан әрі жақсартудың негізгі бағыттары талқыланды. Атап айтқанда, жуық арадағы бес жылға әріптестік стратегиясын дамыту, Қазақстанның экспорттық әлеуетін кеңейту, бизнес-климат пен мемлекеттік институттарды нығайту, сонымен қоса, адам капиталын елеулі күшейту мәселелері қаралды.
Ынтымақтастық кезеңінде Бүкіләлемдік банк ҚР-ға 46 жобаны қаржыландыру үшін жалпы сомасы 8,1 млрд доллардан астам қарыз берді. Бүгінгі күні Бүкіләлемдік банк жобаларының портфелі 22 жобаны қамтиды, оның ішінде 7-еуі ағымдағы жобалар, ал 15 жоба әріптестік туралы келісімдер шеңберінде жасалған, жалпы сомасы 4,1 млрд доллар. Ағымдағы жобалар портфелі 3,2 млрд долларды құрайтын 7 жобаны қамтиды.
Өз кезегінде, Халықаралық қаржы корпорациясының Қазақстандағы стратегиясы инфрақұрылымға қолжетімділікті жақсартуға, қаржы секторын күшейтуге, экономиканы әртараптандыруға және бәсекеге қабілеттілікке қолдау көрсетуге бағытталған. 1997-жылдан бастап корпорация ҚР-ның экономикасына 1,4 млрд доллардан астам, оның ішінде қаржы, газ, тау-кен, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіптік салалардағы жеке сектордың 60 жобасын іске асыруды қолдау үшін 300 млн синдикатталған заемдарға инвестиция жұмсады.